Ресейде қақтығыс аймағында қалған қазақстандықтардың туыстары көмек сұрады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
СІМ
Қақтығыс аймағында қалған қазақстандықтардың туыстары көмек сұрады / Фото: Kursiv.Media

Ресейге жұмыс істеуге барып, кейін қақтығыс аймағында қалған қазақстандықтардың туыстары Астанада Сыртқы істер министрлігінің алдына жиналып, жақындарын елге қайтаруды сұрады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Қазір қақтығыс аймағында жүрген кемінде 21 қазақстандық туралы ақпарат бар. Мұны заңгер Мейірман Шекеев айтты. Кейбір азаматтарға Ресейде жұмыс ұсынылғанымен, кейін олардың қақтығыс аймағында қалғаны белгілі болған. Олардың арасында орыс тілін білмейтін және қол қойған құжаттарының мазмұнын түсінбегендер де бар.

«Қазақстанның «болды, келісімге қол қойылды, оларды алып кетеміз» деп мәлімдегеніне төрт күн болды. Ең болмаса жігіттерге қоңырау шалып, үміт берсін. Төрт күн – олар үшін өте ұзақ уақыт», – деді заңгер.

Министрлікке келген азаматтардың бірі ұлының жараланып, елге қайтқысы келетінін айтып хабарласқанын жеткізді. Анасы оны бірнеше айдан бері қайтаруға әрекет жасап жүргенін айтты.

«Жалғыз ұлым төрт ай бұрын кетіп еді. Ол маған: «Анашым, мен жараландым. Мені кешір. Үйге қайтқым келеді, көмектесші» деп жалынды. Ресейге екі рет бардым – онда ешкім көмектеспеді. Енді сіздерден көмек сұрап отырмын», – деді әйел.

Қазіргі ақпаратқа сүйенсек, министрлікке келген адамдар СІМ ғимаратына кіріп, ресми өкілдермен кездесуге кеткен.

Айта кетейік, осыған дейін СІМ соғыс қимылдары жүріп жатқан аумақта болуы мүмкін азаматтардың туыстарын Қазақстан азаматтары туралы мәлімет беруге шақырған. Бұған қоса, Қазақстан азаматтарын соғыс аймағынан қайтару үшін Ресеймен келіссөз жүргізіліп жатқанын хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз