Шымкентте туысының тойында оқ атқан ер адам қамауға алынды

Шымкентте 34 жастағы ер адам туысының үйлену тойынан шыққан соң мейрамхана маңында дабылдық тапаншадан бірнеше рет аспанға оқ атқан, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ер адам қарудан оқ атып, айналасындағыларға қауіп төндірген.
«34 жастағы Шымкент тұрғыны Бунедбек Юлдашев тойдан шыққан соң дабылдық тапаншадан аспанға бірнеше рет оқ атқан. Осылайша айналасындағыларға қауіп төндірді. Ол әрекетін туысының үйлену тойын атап өту үшін жасағанын түсіндірді», – деп хабарлады ІІМ.
Сот шешімімен ер адам бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар, оған түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны және қаруды заңсыз қолданғаны үшін әкімшілік айыппұл салынды.
Айта кетейік, осыған дейін Астанада той кортежіне қатысқан үш жолаушы 10 тәулікке қамалған еді.