Алматы көшелерінің қазіргі атауын айтудан бас тартқан блогердің үстінен шағым түсті

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің редакторы
фото: Тредс / ЖИ көмегімен сапасы өңделді

Алматы көшелерінің қазіргі атауын айтудан бас тартқан блогер желіде сынға қалып, cancel-ге ұшырады, деп жазады Kursiv.Media.

Айгерім Бердалиева желіде өзін SMM маманымын деп таныстырады, парақшасында 125 мыңға жуық оқырманы бар. 7 қазанда тредс желісіне пост салып, Еуразия сән апталығының бильбордына түскенін жазған. Бірақ бильборд орналасқан Достық даңғылын кеңестік атаумен Ленина деп жазады. Оқырмандары көшенің атауын қате жазғанын ескерткенімен Бердалиеваға әсер етпеген сыңайлы. Одан әрі дауласып, Алматыдағы қазақша көше аттарын мойындамайтынын айтқан.

фото: тредс желісінен скрин

Аз уақыт ішінде блогердің жазбасы үлкен сынға ұшырады. Желі қолданушылары сән апталығы ұйымдастырушыларынан Бердалиеваның бильбордын алып тастауды талап етті. Бір тәулік болмай жатып EFW (Eurasian Fashion Week – ред.) жеке парақшасында блогермен енді жұмыс істемейтінін, оның бейнесі барлық бильборд пен экрандардан алынып тасталғанын хабарлады.

Айгерім Бердалиеваның өзі де жазбасын өшіріп, кешірім сұрады.

«Мен ол жазбаны эмоцияға беріліп жаздым. Артынша-ақ өшіріп тастадым, өйткені өзім де оның тым эмоционалды болып шыққанын және бастапқыда айтқым келген ойдың басқаша қабылдануы мүмкін екенін түсіндім. Шынымды айтсам, бұл жазбаның осындай реакция тудыратынын күтпедім. Егер сөздерім біреуге ауыр тиген болса, кешірім сұраймын. Ондай мақсатым болған жоқ», – деген ол жазбасында.

Бірақ оқырмандардың кейбірі оның әрекетін тарихқа деген құрметсіздік деп бағалады. Пиар маманы Айбар Олжаев блогердің атына Бас прокуратураға шағым түсіргенін, оның әрекетіне құзырлы органдар құқықтық баға беретінін жазды.

Блогер аталған көшелердің атауы ауысқанына отыз жылға жуық уақыт болды. Ленин даңғылы 1995 жылдың күзінде Достық даңғылы болып қайта аталды. Дзержинский көшесі 1997 жылы Наурызбай батыр көшесі болып өзгертілді. Фурманов көшесі кейінірек, 2017 жылғы 30 қарашада, Назарбаев даңғылы болып қайта аталды.

Бұған дейін Алматыда көше атаулары, жол сілтейтін тақтайшалардағы ақпарат тек қазақша жазыла бастағанын жазған едік. Бұрын жолбелгілер қазақ және орыс тілінде қайталанып тұратын. Қазір даңғыл, көше, шағын аудан атауы тек қазақша жазыла бастаған.

Сондай-ақ оқыңыз