Ақтөбеде 60 млрд теңгеге шыны ыдыс шығаратын зауыт салынады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Ақтөбеде шыны ыдыс шығаратын зауыт салынады
Ақтөбеде шыны ыдыс шығаратын зауыт салынады / фото: hornglass.com

Ақтөбеде құны 60 млрд теңге болатын шыны ыдыстар шығаратын зауыт салу жоспарланып отыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Aktobe Steklo» кәсіпорны арасындағы инвестициялық келісімді Үкімет мақұлдады. «Aktobe Steklo» ЖШС-ның бақылаушы тұлғасы 79 жастағы Серік Қрымов, деп хабарлайды Kursiv Media.

Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Кәсіпорыс құрылысын 2026 жылдың IV тоқсанында бастау, ал оны пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланып отыр. Инвестициялардың жалпы көлемі 60 млрд теңгені, жобалық қуаттылығы – жылына 256 млн бірлік шыны ыдыс өндіруді құрайды.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында шыныдан жасалған өнім шығаратын өндіріс жоқ. Жаңа зауыт отандық шыны ыдыстың өндірісін ұлғайтуға және оның ішкі нарықтағы ұсынысын кеңейтуге мүмкіндік береді. Кәсіпорын өнімдерінің 80%-на дейін Қазақстанда сату, қалған бөлігін Орталық Азия елдерінің нарықтарына шығару жоспарлануда.

Өндіріс шикізатты сұрыптаудың, технологиялық үдерістерді басқарудың және сапаны бақылаудың заманауи автоматтандырылған жүйелерімен жарақтандырылатын болады. Өнімді шығару кезінде отандық табиғи минералды шикізатты, сондай-ақ қазақстандық өндірушілердің тауарларын, жұмыстары мен қызметтерін пайдалану жоспарлануда.

Жоба сонымен қатар қайталама шикізатты пайдалануды біртіндеп арттыруды көздейді. Жобаны қаржыландыру кезеңінде оларды өндірісте қайта пайдалана отырып, 245 мың тоннадан астам шыны қалдықтарын қайта өңдеу жоспарлануда.

Жоба аясында 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазақстандық мамандар үшін үздіксіз оқыту және біліктілікті арттыру көзделген.

Adata сервисінің деректеріне сәйкес, Aktobe Steklo ЖШС-нің түпкілікті бақылаушы тұлғасы – 79 жастағы Серік Қрымов. Ол 2002–2006 жылдары Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрі қызметін атқарған Айткүл Самақованың жұбайы. Aktobe Steklo кәсіпорнының өзі «Маскар» ЖШС-ға тиесілі AKTOBE GLASS HOLDING LTD жекеменшік компаниясының бақылауында.

Shishkin like деректеріне қарағанда, Серік Қрымов «Маскар» ЖШС арқылы бірнеше ірі жобаға қатысады. «Жайық Инвест Девелопмент» ЖШС-да оған 31,5%, қалған 68,5% Mercury Properties-ке тиесілі. Компания Атыраудағы құны шамамен 4 млрд теңге болатын бизнес-орталыққа иелік етеді. 2025 жылы топ жалдау және ілеспе қызметтерден шамамен 2,8 млрд теңге табыс тауып, акционерлерге 2,3 млрд теңге дивиденд төледі.

Айта кетейік, Арыс қаласында 11 млрд теңгеге май өндіретін зауыт салынып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз