
Австралияда 2032 жылғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ресми эмблемалары таныстырылды. Жарыстар Брисбен қаласында өтеді, деп хабарлайды Kursiv.Sport.
Эмблемалардың негізгі элементі ретінде Австралияда мекендейтін какадудың екі түрі таңдалған. Олимпиада ойындарының символы – қызғылт какаду, ал Паралимпиаданың эмблемасында сары айдарлы какаду бейнеленген.
Құстардың айдарынан Квинсленд штатының сұлбасын көруге болады. Ал Олимпиада және Паралимпиада алауы бірлік, үміт пен шабытты білдіреді. Құстардағы үш және екі қауырсын Австралияның жазғы Олимпиада ойындарын 2032 жылы тарихта үшінші рет қабылдайтынын меңзейді.
Какаду бейнесінің Австралияның байырғы халықтары үшін де маңызы зор. Олардың мәдениетінде бұл құстар жермен, дәстүрлермен байланысты және адамдарды мекендермен, тарихпен әрі салт-жоралғылармен байланыстыратын хабаршы ретінде қабылданады.
Екі эмблемада да арнайы әзірленген қаріппен Brisbane 2032 деген жазу бар. Олимпиада нұсқасында бес сақина, ал Паралимпиада эмблемасында агитос символы орналастырылған.
Брисбендегі жазғы Олимпиада ойындары 2032 жылғы 23 шілде мен 8 тамыз аралығында, ал Паралимпиада 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтеді. Ойындардың бойтұмары кейінірек таныстырылады.