Chery Jetour-ды қымбат жол талғамайтын көліктер брендіне айналдырмақ

Chery Jetour брендін жаңа деңгейге шығармақ. Компания оның модельдерін қымбатырақ сегментке ауыстырып, Jetour-ды жаһандық жол талғамайтын көліктер брендіне айналдыруды көздеп отыр, деп хабарлайды КурсивАвто.
Jetour-да не өзгермек?
Carnewschina басылымының мәліметінше, 7 қазанда Chery басшылық құрамда өзгеріс болғанын жариялады. Енді атқарушы вице-президент Ли Сюэюн Jetour бағытына жауап береді. Оның міндетіне брендті жоғарырақ сегментке шығару және әлемдік жол талғамайтын көліктер нарығында дамыту кіреді.
Сонымен қатар Chery-дің негізгі бренді бірыңғай жаһандық жүйеге енгізілді. Бұл бағытты атқарушы вице-президент Чжан Гуйбин басқарады. Ол халықаралық бизнеске, дизайнға, кадр саясатына, заң мәселелеріне және басқа да жаһандық бөлімшелерге жауап береді.
Chery-ге бұл не үшін қажет
Компания басшылықтағы өзгерістерді сатылымның төмендеуімен немесе жекелеген суббрендтердің әлсіздігімен байланыстырмайды. Бұл шешім экспорт көлемі айтарлықтай өскен кезеңде қабылданып отыр.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Chery Group 2,2 млн көлік сатты, оның 1,5 миллионы шетел нарықтарына тиесілі. Компанияның жалпы сатылымы 9,9%-ға, ал экспорт көлемі 65,6%-ға өскен.
Jetour-ға басымдық беру компанияның жаһандық нарыққа шығу стратегиясымен байланысты. Оның үстіне брендтің өзі қымбатырақ SUV сегментіне қарай бет бұрып келеді.
Оның бір мысалы – Jetour G700 моделі. Ұзындығы 5,2 метр болатын рамалы PHEV көлік екі электр қозғалтқышымен жабдықталған, ал жалпы қуаты 905 ат күшіне дейін жетеді. Компанияның ресми сайтында модель премиум санаттағы гибридті жол талғамайтын көлік ретінде көрсетілген.
Jetour Exeed-тің орнын баспайды
Chery құрылымында дәстүрлі премиум сегментке бағытталған Exeed бренді қазірдің өзінде бар. Ал Jetour-ды жеке бағыт ретінде дамытып, оған толық жетекті және сыртқы дизайны төртбұрышты жол талғамайтын көліктерге басымдық бермек.
Chery осылайша үш брендін үш түрлі бағытта дамытуды жоспарлап отыр: Chery – жаһандық нарыққа, Exeed – премиум сегментке, Jetour – қымбатырақ жол талғамайтын көліктерге басымдық береді. Оның қаншалықты тиімді болатыны жаңа модельдердің сатылымына байланысты.
Тағы да оқыңыз: Jetour жаңа үш моделін таныстырды.