Дүрбелеңге толы дүниеде аймақтағы тұрақтылықты сақтау басты міндет – Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев дүрбелеңге толы дүниеде аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау басты міндет екенін айтты, деп хабарлайды Kursiv.media.
Ақорданың хабарлауынша, бұл туралы президент Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIIІ Консультативтік кездесуінде мәлімдеген.
«Терроризм, есірткі бизнесі, қару-жарақ және адам саудасы, заңсыз көші-қон, ұйымдасқан қылмыс пен алаяқтық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді. Цифрлық технологиялардың қаскөйлердің, атап айтқанда, лаңкестер мен есірткі сататын қылмыстық топтардың қолына түсу қаупі қатты алаңдатады. Әрине, оған қарсы тұратын тәсілдеріміз заманға сай болуы керек», – деді Тоқаев.
Оның пікірінше, осы саладағы ынтымақтастықты нығайтуға Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңесі хатшыларының тұрақты кездесулері айтарлықтай үлес қосуда.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты тереңдетуге баса назар аударды. Президент аймақ елдерін бай тарихи-мәдени мұра біріктіретінін айтты.
«Соңғы жылдары мәдени байланыстарымыз айтарлықтай жандана түсті. Көрмелер, кинофестивальдер, форумдар, еске алу кештері өткізіліп жатыр. Жастардың, жоғары оқу орындарының және ғылыми қауымдастықтың арасындағы қарым-қатынас, шығармашылық қауымның тікелей диалогы арқылы осы үрдіске тың серпін беру керек», – деді президент.
Тоқаевтың айтуынша, бірыңғай ақпараттық кеңістікті қалыптастыру ынтымақтастықты тереңдете түседі. Қазақстан отандық Silk Way телеарнасы жанынан аймақтық телеарна ашу туралы бастама көтерілген.
Айта кететін жайт, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Түрікменстанға барды. Сапар бағдарламасына Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжан басшыларының сегізінші Консультативтік кездесуі, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы және Каспий экологиялық саммиті енгізілген.