Халыққа тегін берілуі керек 27 мың қаптама дәрі сатылып кеткен

Жарияланды 8 Қазан 2026 16:19

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
лекарства цена
Тегін дәрмектер коммерциялық мақсатта сатылған/kursiv.media архиві

Халыққа тегін берілуі тиіс мыңдаған дәрі-дәрмектің коммерциялық сатылымға түскені анықталды. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің алаңында сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.media.

Оның айтуынша, дәрі-дәрмектерді таңбалау жүйесі арқылы тегін беруге арналған препараттардың заңсыз сатылымы анықталған.

«Тегін» деген арнайы белгісі бар, яғни халыққа тегін берілуі тиіс 27 мың қаптама дәрі коммерциялық сатылымнан анықталған. Жүйедегі мәліметтер бойынша, бұл препараттар нақты чектер арқылы ақылы түрде сатылған. Бұдан бөлек, таңбалау жүйесі дәрі-дәрмек айналымындағы басқа да заң бұзу анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Атап айтқанда, 470 мыңнан астам жағдайда таңбалаy коды бар дәрі қаптамаларының қайта сатылғаны тіркелген»,- деді Нүсіпов. 

Қазіргі таңда елімізде шамамен 1,2 млрд қаптама дәрі таңбаланған, оның жартысына жуығы айналымнан шығарылған, яғни сатылған.

Вице-министр сөзінше, цифрлық жүйе дәрі-дәрмектің қозғалысын бақылауға, өңірлердегі қор көлемін салыстыруға, тапшылық пен артық қорды анықтауға, сондай-ақ баға өзгерісін талдауға мүмкіндік береді.

Мысалы, «Ибупрофен» препаратының орташа бағасы 2025 жылдың мамырында ел бойынша 1 460 теңге болса, қазан айында 941 теңгеге дейін төмендеген.

Сонымен қатар жүйе мерзімі өтіп кеткен дәрілердің сатылуын да анықтаған. 1 мыңнан астам айналымға қатысушыда жарамдылық мерзімі өткен дәрілерді сатудың 7 500 жағдайы тіркелген.

Мәліметтерді цифрландыру дәрі-дәрмек нарығындағы ахуалды бақылауға және заң бұзушылықтарды жедел анықтауға мүмкіндік беріп отыр.

Қазақстандық дәрі Еуропа нарығына шығатынын жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз