Қазақстанда шығарылатын OMODA C5 Plus-тың бағасы белгілі болды

Қазақстанда өндірілетін жаңартылған OMODA C5 Plus кроссоверінің бағасы белгілі болды. Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында шығарылатын көлік екі жинақтамада ұсынылады.
OMODA C5 Plus қандай көлік
Жаңартылған C5 Plus бұрынғы модельге тән дизайнды сақтағанымен, көлемі үлкейіп, SUB-C класынан SUV-C класына ауысты. Кроссовердің ұзындығы 4,5 метр, дөңгелек базасы 2,63 метр.
Жүксалғыштың көлемі 442 литр. Артқы орындықтар жиналған кезде бұл көрсеткіш 1 149 литрге дейін ұлғаяды.
Екі нұсқа да 1,5 литрлік, 147 ат күшіне ие турбоқозғалтқышпен жабдықталған. Оның айналу моменті – 210 Н·м. Қозғалтқыш алты сатылы робот беріліс қорабымен жұмыс істейді, жетек түрі – алдыңғы. Көлікке АИ-92 және одан жоғары октанды бензин құюға болады.
Comfort нұсқасында не бар

Бағасы 9,69 млн теңгеден басталатын Comfort жинақтамасында:
- 8,88 дюймдік цифрлық аспаптар панелі;
- 15,6 дюймдік мультимедиа экраны;
- Apple CarPlay және Android Auto;
- қазақ және орыс тілдеріндегі дауыстық басқару;
- кілтсіз кіру;
- қозғалтқышты қашықтан іске қосу;
- Auto Hold жүйесі;
- алты бағытта реттелетін жүргізуші орындығы бар.
Қазақстанның қысқы жағдайына арналған жабдықтар да қарастырылған. Атап айтқанда, руль, алдыңғы орындықтар, алдыңғы және артқы әйнектер, әйнекжуғыш бүріккіштері мен сыртқы айналар жылытылады.
Қауіпсіздік жабдықтарының қатарында төрт қауіпсіздік жастығы, артқы шолу камерасы және төрт артқы парктроник бар. Аудиожүйе алты динамиктен тұрады.
Premium нұсқасы 800 мың теңгеге қымбат
Premium жинақтамасы Comfort-тан 800 мың теңгеге қымбат. Нақты айтсақ, 10,49 млн теңге.Бұл нұсқада қауіпсіздік пен жайлылыққа арналған қосымша жабдықтар қарастырылған.
Олардың ішінде:
- 540° шолу жүйесі;
- алты қауіпсіздік жастығы;
- алдыңғы парктроник;
- екі зоналы климат-бақылау;
- алдыңғы орындықтарды желдету;
- артқы орындықтарды жылыту;
- жүргізуші орындығына массаж жасау функциясы;
- бел тірегін электр арқылы реттеу;
- электрлі люк пен жүксалғыш;
- 50 Вт сымсыз қуаттау құрылғысы;
- салонның атмосфералық жарықтандыруы бар.

Premium нұсқасында 19 электрондық көмекші жүйе орнатылған. Олардың қатарында адаптивті круиз-бақылау, автоматты шұғыл тежеу, соқыр аймақтарды бақылау, қозғалыс жолағында ұстап тұру және жолақ ауыстыруға көмектесу жүйелері бар.
Көлік Алматыда шығарылады
OMODA C5 Plus Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендті зауытында өндіріледі.
Екі жинақтама да жарықдиодты оптикамен, рейлингтермен, артқы спойлермен және қозғалтқыш қорғанышымен жабдықталған. Comfort нұсқасында 17 дюймдік, Premium нұсқасында 18 дюймдік дөңгелектер орнатылған.