Тоқаев Орталық Азияда жасанды интеллект серіктестігін құруды ұсынды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: Ақорда

Қазақстан Орталық Азия елдерімен жасанды интеллект саласында серіктестік құруды ұсынды. Бұл бастама аясында елдердің ғылыми орталықтары, университеттері мен технологиялық компаниялары ақпарат және тәжірибе алмаса алады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және Әзербайжан елдері басшыларының саммитінде айтты.

Ғылым мен технология саласында тәжірибе алмасу ұсынылды

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан жасанды интеллект саласында өз экожүйесін қалыптастырып жатыр. Осы бағытта «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданып, Digital Qazaqstan стратегиясы іске асырылуда. Сондай-ақ суперкомпьютер кластері іске қосылып, Alem.ai халықаралық орталығы жұмысын бастады.

Тоқаев осы мүмкіндіктерді ескере отырып, Орталық Азия елдері арасында жасанды интеллект бойынша бірлескен жұмыс жүргізуді ұсынды.

«Осыны ескеріп, жасанды интеллект бойынша Орталық Азия серіктестігін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Оның аясында елдеріміздің ғылыми орталықтары, университеттері, технологиялық компаниялары ақпарат пен тәжірибе алмаса алады», – деді Президент.

Жасанды интеллектіні қауіпсіз қолдану мәселесі көтерілді

Президент жасанды интеллект пен нейрожелілерді қауіпсіз қолдануға да назар аударды. Оның айтуынша, бұл технологияларға қатысты қауіп-қатер мәселесі қазір халықаралық деңгейде талқыланып жатыр.

Тоқаев маңызды технологияларды бақылауға қатысты елдердің бірлескен тәсілдерін әзірлеу қажет екенін айтты.

«Аса маңызды технологияларды бақылаудың бірлескен тәсілдерін әзірлеуге уақыт оздырмай кірісу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған байланысты Қазақстан Орталық Азия елдері мен Әзербайжанға жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану туралы декларация әзірлеуді ұсынды.

Айта кетейік, Тоқаев қазір Түркіменстанда жүр. Ол 8–9 қазан күндері Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовтің шақыруымен Авазада өтетін бірқатар халықаралық жиынға қатысады.

Сондай-ақ оқыңыз