Украина дрондары «Яндекс» дата-орталығына шабуыл жасады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media архиві

Ресейдің Рязань облысындағы «Яндекс» дата-орталығына дрон шабуылынан кейін өрт шықты. Компанияның хабарлауынша, нысанның жұмысы толық тоқтаған, ал кейбір сервистер пайдаланушылар үшін уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін. Бұл туралы Kursiv. Media BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

«Зардап шеккендер жоқ. Тиісті қызметтер оқиға орнында оның салдарын жойып жатыр. Дата-орталықтың жұмысы толық тоқтатылды», – деді «Яндекс» баспасөз қызметі.

Өрт кәсіпорын аумағында шыққан

Рязань облысының губернаторы Павел Малковтың мәліметінше, бейсенбіге қараған түні өңірде екі дрон атып түсірілген. Сасово ауданында кәсіпорындардың бірінің шатыры өртеніп, бірнеше үйдің терезесі сынған.

Ресей және украина мониторинг арналары өрт «Саста» станок жасау зауытының аумағында болғанын хабарлады. Осы жерде 2014 жылдан бері «Яндекс» дата-орталығы жұмыс істейді.

«Саста» зауыты, соның ішінде қорғаныс өнеркәсібіне арналған жабдықтар шығарады. Кәсіпорын 2022 жылдан бері халықаралық санкцияларға ұшырап келеді.

«Яндекс» акциясы арзандады

РБК мәліметінше, Мәскеу биржасындағы негізгі сауда басталғанда «Яндекс» акциялары 3%-дан астам арзандаған. Бұған компанияның Сасоводағы дата-орталығына шабуыл жасалғаны туралы хабарламалар себеп болған.

Еске салайық, Ресей президенті Владимир Путин Украинамен келіссөзді қайта бастау туралы ұсыныстар әлі де қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Алайда Мәскеу соңғы шабуылдардан кейін қандай жауап беретінін ойластырып, шешімді Ресейдің мүддесіне қарай қабылдайтынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз