«Жетісу» футболшылары жалақысын ала алмай, облыс әкіміне шағымданды

Талдықорғандық «Жетісу» футбол клубының ойыншылары бірнеше айдан бері жалақы ала алмай жүргенін айтып, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевқа ашық хат жолдады, деп хабарлайды Kursiv.Media KazFootball-ға сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, команданың шетелдік футболшылары шілде айынан, ал қазақстандық ойыншылары тамыз айынан бері жалақы алмаған. Қаржылық қиындық клуб ішіндегі наразылықтың күшеюіне себеп болған.
Осыған байланысты негізгі құрамдағы барлық футболшы облыс әкіміне жолданған хатқа қол қойған.
Ойыншылардың айтуынша, еңбек келісімшарттарына қосымша келісімдер бойынша төлемдер сәуір, тамыз және қараша айларында үш кезеңмен жүргізілуі тиіс. Алайда клуб әзірге тек сәуір айына тиесілі алғашқы төлемді толық орындаған. Тамызда берілуі керек екінші төлем әлі жасалмаған.
Футболшылар клуб басшылығы мен Жетісу облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына жүгінген. Олардың сөзінше, жауапты тұлғалар жалақының кешігуін футбол клубымен бұрын жасалған келісім аясындағы бюджет қаражатының қысқартылуымен түсіндірген.
Ойыншылар өздерінің кәсіби міндеттерін толық орындап жүргенін, алайда жалақының уақытылы төленбеуі өздері мен отбасыларының қаржылық жағдайына кері әсер етіп жатқанын жеткізген.
«Қайратпен» ойынға шықпай қалуы мүмкін
Қалыптасқан жағдайға байланысты «Жетісудың» негізгі құрамдағы бірқатар футболшысы Қазақстан Премьер-лигасының 28-турында алматылық «Қайратқа» қарсы ойынға шығудан бас тартуы мүмкін.
Әзірге футболшылардың матчқа қатыспайтыны туралы түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Дегенмен жалақы мәселесі шешілмесе, алдағы кездесуге команданың жетекші ойыншылары қатыспау қаупі бар.
Футболшылар облыс әкімі Бейбіт Исабаевтан клубты қаржыландыру мәселесіне араласып, жалақы бойынша берешекті өтеуге көмектесуді сұраған.



Әзірге «Жетісу» клубы мен облыстық спорт басқармасының бұл жағдайға қатысты ресми ұстанымы жарияланғаны туралы ақпарат жоқ.
Оқи отырыңыз: ҚПЛ клубтары қанша салық төледі (инфографика)