Алматы облысында иттерге арналған панажай иесін өлтіріп кеткен

Алматы облысында «Dog House – Твардовский дом» жануарларға арналған жеке панажайының негізін қалаушы Владимир Тепляковты өлтіріп кеткен, деп жазады Kursiv.Media.
Ақпаратты өңірлік полиция департаменті растады. Ведомство мәліметінше, 7 қазанда ер адамның өліміне байланысты қылмыстық іс козғалған. Қазіргі уақытта қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
«Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Teргеу жалғасуда. Тергеу барысы Алматы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жария етуге жатпайды», – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Владимир Тепляковтың қаза болғаны туралы әлеуметтік желіде ерікті Арсен Қабденов те жазды. Оның айтуынша, панажай иесі қайтыс болғаннан кейін 90-ға жуық ит қараусыз қалған. Қазір волонтерлер жануарларға жаңа ие табуға тырысып жатыр.
«Dog House – Твардовский дом» панаханасын Владимир Тепляков 2015 жылы ашқан. Бұл орынды қайтыс болған ұлының құрметіне атаған.
Оқи отырыңыз: Алматыда қатыгездікпен өлтірілген полицей ісі бойынша тергеу аяқталды