Астаналықтарға 86 500 теңгеге дейін ақша беріледі: төлем кімдерге арналған

Астанада мүгедектігі бар адамдар күніне орай біржолғы әлеуметтік көмек төленеді. Биыл бұл күн 11 қазанда аталып өтеді. Төлем мөлшері мүгедектік тобына байланысты 86 500 теңгеге дейін жетеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Бұл көмек елорда мәслихаты бекіткен әлеуметтік көмек көрсету қағидаларында қарастырылған.
Кімдерге беріледі
Біржолғы ақшалай көмек Астана тұрғындарының мына санаттарына беріледі:
- 86 500 теңге – I топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
- 43 250 теңге – II топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
- 43 250 теңге – 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға;
- 21 625 теңге – III топтағы мүгедектігі бар адамдарға.
Өтініш беру қажет пе
Біржолғы әлеуметтік көмек алу үшін бөлек өтініш берудің қажеті жоқ. Төлем «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметтері негізінде тағайындалады.
Егер тұрғын 2026 жылы басқа негіз бойынша біржолғы әлеуметтік көмек алған болса, оған бұл төлем қайта берілмейді.
Ақша қашан түседі
Біржолғы төлем мүгедектігі бар адамдар күніне орай беріледі. Бұл күн жыл сайын қазан айының екінші жексенбісінде атап өтіледі. Биыл ол 11 қазанға сәйкес келеді.
Айта кетейік, Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдаудың бірнеше түрі қарастырылған. 2026 жылы мүгедектік белгіленген азаматтарға ай сайынғы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мынадай мөлшерде төленеді: I топқа – 111 873 теңге, II топқа – 89 498 теңге, ал III топқа – 61 022 теңге беріледі.