Автомагистральда жол жиегіне тоқтауға бола ма – қауіпсіздік ережелері

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: ҚазАвтоЖол

Жол жиегіне тоқтап, тамақтанып алу, телефонмен сөйлесу немесе аздап тынығу қалыпты әрекет сияқты көрінуі мүмкін. Алайда тасжолда, әсіресе автомагистральда мұндай аялдама қауіпті болуы ықтимал. «ҚазАвтоЖол» автомагистральдарда тоқтау ережелерін түсіндіріп, мұндай жағдайда не істеу керегін еске салды.

Қай жерде тоқтауға болады

Елдегі жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, автомагистральдарда арнайы белгілермен көрсетілген тұрақ немесе демалыс алаңдарынан тыс жерде тоқтауға тыйым салынады. Бұл талап «Автомобильдерге арналған жол» белгісі орнатылған жолдарға да қатысты.

Қараңғыда, жаңбыр немесе қар жауып тұрғанда жол жиегінде тұрған көлікті байқау қиындайды. Әсіресе басқа автомобильдер жоғары жылдамдықпен қозғалып келе жатқанда, қауіп арта түседі. Сондықтан демалуды алдын ала жоспарлап, жол жиегіне емес, арнайы аялдау алаңына тоқтаған жөн.

Амалсыз тоқтауға тура келсе, не істеу керек

Көлік бұзылса немесе басқа себеппен тоқтауға мәжбүр болсаңыз, ең алдымен өз қауіпсіздігіңізді ойлап, басқа жүргізушілерге ескерту қажет.

  • Апаттық шамдарды қосыңыз. Мүмкіндік болса, көлікті жүріс бөлігінің шетін белгілейтін сызықтан әрі қарай шығарыңыз.
  • Апаттық тоқтау белгісін қойыңыз. Елді мекеннен тыс жерде ол көліктен кемінде 30 метр қашықтықта тұруы және басқа жүргізушілерге анық көрінуі керек.
  • Жарық шағылыстыратын кеудеше киіңіз. Көліктен қозғалыс ағынына қарама-қарсы жағынан шығыңыз. Қауіпсіз болса, жол қоршауының арғы жағына өтіңіз. Жолақтарды кесіп өтпеңіз.
  • Қажет болса, көмек шақырыңыз. Төтенше жағдайлар қызметінің нөмірі – 112. Ал республикалық тасжолдардағы жағдай туралы ақпаратты 1403 нөмірі арқылы білуге болады.

Тағы да оқыңыз: Тасжолда апаттық жағдай тудырмас үшін қалай тоқтаған дұрыс – «ҚазАвтоЖол» ескертуі.

Сондай-ақ оқыңыз