Дастан Сәтбаев жарақатынан айығып, «Бернлидің» жаттығуына оралды

Қазақстан құрамасының 18 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтбаев жарақатынан айығып, ағылшындық «Бернли» клубының жаттығуларына қайта қосылды. Бір айдан астам уақыт алаңға шықпаған футболшы 10 қазанда «Уотфордқа» қарсы өтетін кездесуге қатысуы мүмкін, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Команданың бас бапкері Ники Хейен қазақстандық футболшының жаттығуға оралғанын растады.
«Дастан Сәтбаев жаттығуға қайта қосылды және осы демалыста өтетін матчқа қатысуға үміткерлер қатарында», – делінген клуб хабарламасында.
«Бернлидің» келесі ойыны қашан?
«Бернли» 10 қазанда Англия Чемпионшипінің тоғызыншы турында «Уотфордпен» кездеседі. Матч «Уотфордтың» өз алаңындағы «Викаридж Роуд» стадионында өтеді. Ойын Қазақстан уақытымен сағат 19:00-де басталады.
Қазір «Бернли» Чемпионшиптің турнирлік кестесінде соңғы, 24-орында тұр. Команда сегіз кездесуде төрт ұпай жинаған. Ал «Уотфорд» сегіз ұпаймен 20-орында орналасқан.
Егер Сәтбаев алдағы матчқа қатысса, бұл оның жарақаттан кейінгі алғашқы ресми кездесуі болады. Дегенмен бапкерлер штабы оның алаңға шығатынын әлі нақтылаған жоқ.
Еске сала кетейік, қазақстандық футболшы 2026 жылғы 14 тамызда лондондық «Челсиден» «Бернлиге» бір маусымға жалға берілді.
Дастан Сәтбаев жарақат алғанға дейін ағылшындық команда сапында төрт ресми кездесу өткізіп үлгерді. Чемпионшипте қазақстандық шабуылшы 204 минут ойнап, екі рет негізгі құрамда алаңға шықты. Әзірге «Бернли» сапында гол соққан немесе нәтижелі пас берген жоқ.
Сәтбаев соңғы ресми кездесуін 2 қыркүйекте «Мидлсброға» қарсы өткізді. Чемпионшип аясындағы матч 1:1 есебімен аяқталды.
Қазақстандық шабуылшы кездесуді негізгі құрамда бастап, 81-минутта алмастырылды. Кейін оның санның артқы бұлшықетін жарақаттап алғаны белгілі болды. Осы жарақатына байланысты футболшы бір айдан астам уақыт алаңға шыға алмады. Ол оңалту кезеңін «Челси» клубының бақылауымен өткізді.