Елде жан басына шаққандағы зиянды қалдықтар 100 келіден асады

Қазақстанда 2025 жылы жан басына шаққандағы атмосфераға тарайтын зиянды заттардың көлемі 111,9 келіні құрады. Атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың көлемі бойынша Павлодар облысы көш бастап тұр, деп жазады Kursiv.Media.
2025 жылы Павлодар облысында жан басына шаққандағы шығарындылар 882,1 келіні құраған. Одан кейін Ұлытау (429 келі), Қарағанды (399,8 келі) және Атырау (225,4 келі) облыстары орналасқан. Бұл өңірлерде ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен энергияны көп қажет ететін өндірістер шоғырланған.
Ал ең төмен көрсеткіштер Түркістан (12,4 келі), Алматы (18,7 келі) және Жетісу (21 келі) облыстарында тіркелген.
Finprom.kz мәліметінше, жан басына шаққандағы шығарындылар бойынша Алматының көрсеткіші төмен болғанымен, қала ауасы Қазақстандағы ең ластанғандардың қатарында. «Қазгидромет» деректеріне сәйкес, бұған көлік қозғалысының қарқыны, географиялық орналасу және тығыз құрылыс салдарынан ауаның нашар алмасуы әсер етеді.
Алматыда стационарлық көздерден тарайтын шығарындылар 49,6 мың тоннаны құраған. Қала халқының көптігін ескергенде, жан басына шаққандағы көрсеткіш 21,4 келіге тең.
Зерттеу деректеріне сәйкес, 2020–2025 жылдары күкіртті ангидрид шығарындылары 11,2%-ға, көміртек тотығы 10,6%-ға, бейорганикалық шаң 9%-ға азайған. Дегенмен күкіртті ангидрид негізгі ластаушы зат болып қалып отыр: 2025 жылы оның көлемі 770,7 мың тоннаға жеткен.
Сонымен қатар метан шығарындылары 70,5%-ға өсіп, 199,1 мың тоннаны құраған. Жылу электр станцияларынан шығатын көмір күлінің көлемі де 34,6%-ға артып, 10,1 мың тоннаға жеткен.
2025 жылы атмосфералық ауаны қорғауға Атырау облысы 34,1 млрд теңге, Шығыс Қазақстан облысы 22 млрд теңге, Ақтөбе облысы 18,4 млрд теңге жұмсаған. Осы үш өңірдің үлесіне ел бойынша мұндай мақсаттарға бөлінген қаражаттың 60%-дан астамы тиесілі.
Ал Павлодар облысында бұл шығын 13,1 млрд теңгені, Қарағанды облысында 9,5 млрд теңгені құраған. Ең аз қаражат Жетісу (182 млн теңге), Түркістан (272 млн теңге) және Батыс Қазақстан (391 млн теңге) облыстарында жұмсалған.