Эр-Рияд әуежайына жасалған шабуылдан үш адам қаза тапты

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Эр-Рияд әуежайына жасалған шабуылдан үш адам қаза тапты / Фото: x.com

Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласындағы Король Халид халықаралық әуежайына жасалған екі шабуылдан үш адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Корольдіктің Азаматтық авиация басқармасы мәлімдеуінше, алғашқы шабуыл әуежай нысандарына, ал екіншісі Сауд Арабиясының ұлттық әуе тасымалдаушысы Saudia компаниясының ұшағына бағытталған. Зардап шеккендердің арасында Сауд Арабиясы азаматтары мен елде тұратын шетелдіктер бар. Олардың жарақаты жеңілден ауыр жағдайға дейін бағаланады. Барлығы ауруханаға жеткізілген.

Saudia әуе компаниясы қызметкерлерінің бірі қаза тапқанын және жерде тұрған ұшағының зақымданғанын растады. Оқиға кезінде әуе кемесінің бортында жолаушылар болмаған. 8 қазан күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-ден бастап әуежай жұмысы мен рейстер қалыпты режимге оралған.

Алайда шабуылдардың салдары халықаралық әуе қатынасына әсер етіп отыр. Al Jazeera мәліметінше, 9 қазанда кемінде 103 рейс тоқтатылған. Алдыңғы күні бұл көрсеткіш 335 болған. Air India Эр-Риядқа қатынайтын рейстерін демалыс күндеріне дейін тоқтатса, Lufthansa ұшуларды 16 қазанға дейін шектеген.

Шабуылдарға кімнің қатысы бары және қандай қару қолданылғаны әзірге айтылған жоқ. Оқиға Сауд Арабиясы мен Йемендегі хуситтер арасындағы шиеленіс күшейген тұста болды. Сауд Арабиясының билігі бұған дейін Эр-Риядқа бағытталған екі баллистикалық зымыранды және Хамис-Мушайт қаласына қарай ұшқан бір зымыранды жойғанын хабарлаған.

Айта кетейік, осыған дейін Астана мен Эр-Рияд арасында тікелей рейс ашылатыны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз