Еуроодақ Ресейден оба туралы ақпаратты ашық жариялауды талап етіп отыр

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: AP

Еуропалық комиссия Сібірде оба ауруы болуы мүмкін деген жағдайға байланысты Ресейден толық әрі нақты ақпарат беруді талап етті. Брюссель бұл мәселені осы аптада үшінші рет көтеріп отыр, деп жазады Kursiv.Media.

Еуропалық комиссияның денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі өкілі Эва Грнчиржова Ресей ақпаратты мүмкіндігінше тезірек жариялауы керек екенін айтты. Оның сөзінше, әзірге аурудың таралу жағдайын бағалап, қажет болса тиісті шаралар қабылдауға мәлімет жеткіліксіз.

Комиссия жаңа ақпарат пайда болса немесе жағдай нашарласа, сарапшылар комитетін шұғыл қайта жинауға дайын екенін мәлімдеді.

«Ресейден ақпарат алу қажет. Ол ДДСҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросына мүше болғандықтан мәліметтерді уақытылы әрі барынша нақты бөлісуі керек. Бұл сарапшыларға жағдайды бақылауға мүмкіндік береді. Өйткені аурудың таралуы басқа елдерге де әсер етуі мүмкін», – деді Эва Грнчиржова.

Брюссель мен Мәскеу арасында Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін тікелей дипломатиялық байланыс болмағандықтан, Еуропалық одақтың Мәскеудегі өкілдігі Ресейдегі ДДСҰ кеңсесіне алаңдаушылығын жеткізген. Еурокомиссия өкілінің айтуынша, қазір халықаралық қауымдастық Ресейден ресми ақпарат күтеді.

Ресейдің Қазақстанмен шекаралас өңіріндегі Иркутск облысында оба тіркелді деген ақпарат 6 қазанда тарады. Иркутск облысында обаға қарсы институт қызметкері қайтыс болғаннан кейін онымен байланыста болған адамдар карантинге жіберілген.  Сол күні Ресей денсаулық сақтау органдары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДСҰ) Иркутск қаласында оба ауруы тіркелмегенін мәлімдеді.

Бірақ халықаралық қауымдастық Мәскеудің дерегіне сене қоймады. ДДСҰ Ресейдегі оба институтындағы өзге қызметкерлер жағдайы туралы бірнеше рет ақпарат сұрады.

Оқи отырыңыз: Оба әлі жойылған жоқ: ауру қай жерде таралған және одан қалай қорғануға болады

Сондай-ақ оқыңыз