Халықтың талап-тілегі ескеріледі: Ерлан Қошанов қоғамдық кеңестерге жаңа талап қойды 

Жарияланды
Қошанов берген тапсырмалар/ Халық кеңесі

Қазақстан Халық кеңесінің төрағасы Ерлан Қошанов елдегі қоғамдық кеңестерінің өкілдерімен кездесті. Жиында президенттің қоғамдық институттардың өкілеттіктерін кеңейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру және өңірлермен өзара байланысты нығайту мәселелері талқыланды, деп жазады Kursiv.Media.

Ерлан Қошановтың айтуынша, қоғамдық кеңестермен тығыз байланыс орнату азаматтардың пікірін ескеріп, өңірлердегі өзекті мәселелерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

«Біздің басты міндетіміз халықтың үніне дер кезінде құлақ асып, талап-тілегін тыңдай білу. Әр адамның пікірі ескеріліп, әр азамат елдік мәселелерді талқылауға өз үлесін қоса алады», – деді ол.

Қазіргі уақытта елде 228 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Оларға 3,5 мыңға жуық адам қатысады. Осы әлеуетті тиімді пайдалану үшін Халық кеңесінің бейінді комитетіне хатшылықпен бірлесіп, өңірлерден түсетін ұсыныстар мен мәселелерді тұрақты жинау жүйесін қалыптастыру тапсырылды.

Жиналған ақпарат негізінде жүйелі проблемалардың бірыңғай картасын әзірлеу ұсынылды. Сонымен қатар 2015 жылы қабылданған «Қоғамдық кеңестер туралы» заңға кешенді талдау жүргізу мәселесі көтерілді.

Ерлан Қошанов заң нормаларын «Қазақстан халық кеңесі туралы» конституциялық заңмен үйлестіру мақсатында арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды.

Жиында мемлекеттік бағдарламалар мен нормативтік құқықтық актілер қабылданғанға дейін қоғамдық сараптама жүргізуді көздейтін «нөлдік оқылым» тетігіне де назар аударылды. Алматы қаласы коғамдық кеңесінің төрағасы Нұржан Жақыпов қоғамдық бастамаларды кезең-кезеңімен іріктеп, құқықтық тұрғыдан пысықтау тетігін ұсынды. Оның айтуынша, әр бастамаға халық кеңесінің бір мүшесін бекіту жоспарланып отыр.

Қазақстан халық кеңесінің мүшесі Нұртай Сабильянов қоғамдық кеңестерді қалыптастырудың бірыңғай әрі ашық стандарттарын заңнамалық деңгейде бекіту жөніндегі ұсынысын жеткізді.

Ал Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов кеңестердің халық кеңесімен өзара іс-қимылын жетілдіру мәселелерін көтерді.

Халық кеңесін құруға 1,7 млрд теңге бөлінеді.

Сондай-ақ оқыңыз