Көшенің қазіргі атауын айтудан бас тартқан блогерге айыппұл салынды

Алматы соты әлеуметтік желіде Mini Knopka атымен танымал блогер, Айгерім Бердалиеваны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 60 550 теңге айыппұл салды. Бұған оның Threads желісінде Алматы көшелерінің атауын өзгертуге қатысты балағат сөздер жазғаны себеп болған, деп жазады Kursiv.Media.
Қалалық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, іс 8 қазанда қаралған. Сот блогерді Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.
Бердалиеваның дауы оның тредс лентасындағы жазбасынан басталды. Ол Ленин, Фурманов, Дзержинский, Мира және Комсомольская көшелерінің ескі атауларын атап, қазіргі атауымен айтудан бас тартқан. Ал оған ескерту жасаған оқырмандарға қарсы бейәдеп сөздер қолданған.
Аз уақыттан кейін блогер жазбасы үшін кешірім сұрады, бірақ көпшілігі оны қабылдамады. EFW (Eurasian Fashion Week – ред.) жеке парақшасында блогермен енді жұмыс істемейтінін, оның бейнесі барлық бильборд пен экрандардан алынып тасталғанын хабарлады.