Қарағандыда жаңа футбол стадионы салынады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Қарағандыдағы қазіргі «Шахтер» стадионы / фото: Қарағанды әкімдігі

Қарағанды қаласында 16 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионын салу жобасы қарастырылып жатыр. Бұл туралы «Шахтер» футбол клубының иесі Тимур Турлов мәлімдеді, деп жазады Kursiv.Media.

Оның айтуынша, жаңа стадионды «Шахтер» клубының футбол академиясына жақын аумақта салу жоспарланған. Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – ашылып-жабылатын шатыр.

Тимур Турлов мұндай шешім Қарағандының ауа райына байланысты маңызды екенін атап өтті.

«Қазір 16 мың көрерменге арналған стадион жобасы қарастырылып жатыр. Оның ашылып-жабылатын шатыры да болады. Қарағандының климатын ескерсек, бұл өте маңызды. Алдағы бірнеше онжылдықта қызмет ететін жақсы нысан болады деп үміттенемін», – деді клуб иесі.

Сонымен қатар «Шахтер» академиясының аумағында жастар командасына арналған жеке стадион салу көзделген. Оның сыйымдылығы кемінде 6,5 мың көрерменге есептелмек.

Академия аумағында жаттығу алаңдары мен жабық футбол манежін салу да жоспарланып отыр. Бұл нысандар жас футболшылардың жыл бойы жаттығуына мүмкіндік бермек.

Турловтың сөзінше, «Шахтер» клубы Қарағанды қаласының әкімдігімен бірлесіп, үлкен стадион жобасын әзірлеу жұмыстарына қатысып жатыр.

Әзірге жаңа стадион құрылысының нақты басталу мерзімі, құны және пайдалануға берілетін уақыты жарияланған жоқ.

Оқи отырыңыз: Турлов «Шахтер» клубы мен академиясын дамытуға 16 млрд теңге жұмсайды.

Сондай-ақ оқыңыз