
Қазақстанда маусымдық тұмаудың алғашқы бес жағдайы анықталды. Ал тұмау маусымы басталған тұста елде ЖРВИ-мен сырқаттанушылық керісінше төмендеген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы аптада инфекция жұқтырғандар саны 10%-ға азайған.
Тұмау қай өңірлерде анықталды?
Зертханалық зерттеулер нәтижесінде A(H1N1)pdm09 тұмауының бес жағдайы тіркелген. Оның үшеуі Астанада, екеуі Маңғыстау облысында анықталды.
Министрлік дерегіне сәйкес, соңғы есепті аптада елде 127 266 ЖРВИ жағдайы тіркелген. Алдыңғы аптада бұл көрсеткіш 140 273 болған. Қыркүйек айының басынан бері инфекция жұқтырғандар саны 760 мыңнан асты.
240 мыңнан астам адам тұмауға қарсы екпе алды
8 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда 240 375 адам тұмауға қарсы вакцина алған. Тегін екпе алдымен қауіп тобына жататын азаматтарға салынады. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер, диспансерлік есепте тұрған балалар және медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын адамдар бар.
«Халықты тұмауға қарсы тегін вакцинациялау үшін «Гриппол®️ Плюс» вакцинасының 2,1 млн дозасы сатып алынды. Оның құрамы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2026–2027 жылдардағы эпидемиялық маусымға арналған ұсынымдарына сәйкес келеді. Вакцина еліміздің барлық өңіріне жеткізілді», – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.
Ведомство қазан айын екпе алуға қолайлы кезең деп санайды. Себебі вакцинадан кейін иммундық қорғаныстың қалыптасуына шамамен екі апта қажет.
Кімдерге вакцина тегін салынады
Тегін вакцинация алдымен тұмауға және оның асқынуына бейім тұрғындарға салынады. Олардың қатарында:
- медицина қызметкерлері;
- диспансерлік есепте тұрған балалар;
- жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері мен контингенті;
- эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша инфекция жұқтыру қаупі жоғары адамдар бар.
Нысаналы топтарға жататын қазақстандықтарға тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдарға уақытылы жүгініп, вакцинация туралы ақпарат алуға болады.