Сапасыз бензиннен көлігі бұзылған жүргізушілер өтемақы талап ете алады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Серікжан Қобыланбаев

Сапасыз бензин құйғаннан көлігі бұзылған жүргізушілер жөндеу шығынын өтетуді талап ете алады. Бұл туралы Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов депутаттардың сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Көлікке келген шығынды кім өтейді

Үкімет басшысы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 31-бабына сәйкес, сатушы тауардың ақауы салдарынан тұтынушының өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне келтірілген зиянды өтеуге міндетті екенін еске салды. Сондай-ақ тауардың сапасыз екені расталса, сараптама жүргізуге кеткен шығын да өтелуге тиіс.

Бұған қоса, Азаматтық кодекстің 947 және 948-баптарына сәйкес, тауардың кемшілігінен келтірілген зиян сатушының немесе өндірушінің кінәсіне қарамастан өтеледі. Зардап шеккен адам өтемақыны сатушыдан не өндірушіден талап етуге құқылы.

Бұл ретте жүргізуші бензиннің сапасын нақты кімнің бұзғанын өз бетінше анықтауға міндетті емес. Мұндай жағдайларды уәкілетті органдар тексеру арқылы анықтайды.

Сапасыз бензин сатқандарға қандай жаза қолданылады

Бектеновтің айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 415-бабында техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін өнімді айналымға шығару үшін жауапкершілік көзделген.

Ал кодекстің 281-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, талапқа сай емес мұнай өнімдерін айналымға шығару және оларды кейін қайта өңдемей сақтау үшін жауапкершілік қарастырылған. Мұндай жағдайда мұнай өнімдері мен оларды сатудан түскен кірісті тәркілеуі де мүмкін.

«Жанармайдың белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні анықталса, кінәлі тұлға мемлекеттік бақылау мен зертханалық зерттеулердің нәтижелері негізінде айқындалады», – деді премьер-министр.

Сонымен қатар үкімет Қазақстанда жанармай сапасын бақылауды күшейту үшін арнайы тергеу тетігін енгізуді жоспарлап отыр. Тиісті түзетулерді жақын арада Құрылтай депутаттары қарайды.

Жаңа тетік бақылаушы органдарға заңбұзушылықтың нақты себебін анықтап, бензиннің жеткізілу тізбегін толық бақылауға мүмкіндік береді.

Тағы да оқыңыз: Қазақстандықтар көңілі толмайтын және енді сатып алмайтын көліктерін атады.

Сондай-ақ оқыңыз