Шымкентте айналымы 3,1 млрд теңге болатын екі онлайн-казино жабылды

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Шымкентте заңсыз онлайн-казино ұйымдастырғандар сотталды
Шымкентте заңсыз онлайн-казино ұйымдастырғандар сотталды / фото: pexels

Шымкентте 3,1 млрд теңге айналымы бар «Bingo-37» және «Lotoboom» онлайн-казиноларын ұйымдастырғандар 4 жылға сотталды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Қаржы мониторинг агенттігі заңсыз ойын бизнесіне қатысты тергеуді аяқтап, алаяқтардың 200 млн теңгеден астам мүлкін, соның ішінде сәнді автокөліктер мен жер телімдерін мемлекет пайдасына тәркіледі.

Заңсыз ойынның схемасы қалай жүзеге асты

Құмар ойындарға қатысу туралы ұсыныстар WhatsApp мессенджері арқылы тараған. Өтініш білдірген адамдарға аккаунт ашылып, логин мен пароль берілген, сондай-ақ ақша аударуға арналған шот деректемелері жолданған.

Ақша қабылдау және ұтыстарды төлеу үшін 14 дроппердің атына ашылған банк шоттары пайдаланылған.

Екі онлайн-казиноның жалпы айналымы 3,1 млрд теңгені құрады.

«Қылмыстық жолмен алынған кіріске ұйымдастырушылар 200 млн теңгеден астам сомаға мүлік сатып алған. Оның ішінде BYD Destroyer, LiXiang L6 Max, Chevrolet Monza, SsangYong Rexton маркалы автокөліктер, сондай-ақ екі жер учаскесі бар», – деп хабарлады агенттік.

Сот үкімімен екі адам төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Аталған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді.

Бұған дейін Астана қаласында Instagram және TikTok әлеуметтік желісінде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған күдікті ұсталған еді. Заңсыз жолмен алынған 124,8 млн теңгеден астам ақша мемлекетке қайтарылды.

Сондай-ақ оқыңыз