Тоқаев ТМД мемлекеттерін орыс тілі ұйымын қолдауға шақырды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: Ақорда

Түрікменстанда өтіп жатқан ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық орыс тілі ұйымын қолдауға шақырды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

«…Елдеріміз арасындағы қарым-қатынаста орыс тілінің атқаратын рөлін атап өткен маңызды. Орыс тілі өзара түсінісуге, білім беру, ғылым салаларындағы серіктестік пен адамдар арасындағы байланыстың кеңеюіне ықпал етіп жатыр. Бұл айдан анық дүние. Сондықтан қадірлі әріптестерімді Халықаралық орыс тілі ұйымының қызметін қолдауға шақырамын. Дүние жүзінде орыс тілін әр түрлі деңгейде меңгерген 300 миллионға жуық халық бар. Сондықтан аталған ұйымның келешегі жарқын. Мен бұған сенімдімін», – деді Тоқаев.

Сондай-ақ ТМД елдерінің тілдері мен мәдени әралуандығын сақтап, бүкіл халықтың тарихына, дәстүрі мен мәдениетіне құрметпен қарау аса маңызды екенін айтқан. 

«Халықтарымыздың әдеби жауһарларынан құралған «ТМД кітапханасының алтын қорын» жасауды ұсынамын. Аталған қорды құрылысы келесі жылдың орта шенінде аяқталатын Астанадағы Президент кітапханасында орналастыруға болар еді. Жоба аясында кәсіби аударманы да қамтып, көпшілік еркін пайдаланатын цифрлық кітапхана жасақтауға болады», – деді президент.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдеріне ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыру үшін аймақтық телеарна ашуды ұсынды. 

Сондай-ақ оқыңыз