Жапонияда 14 миллионға жуық адамның деректері тарап кеткен

Жарияланды
Енді жеке деректердің жылыстағанын оңай тексеруге болады
Әуе билеттеріне арналған қосымшадан жеке деректер таралған/ kursiv.media архиві

Жапониядағы әуе билеттерін сатуға арналған Sky Ticket платформасының ақпараттық жүйесіне рұқсатсыз кіру салдарынан 14 миллионға жуық пайдаланушының жеке деректері таралып кеткен, деп жазады Kursiv.Media.

Таралған ақпараттардың ішінде пайдаланушылардың аты-жөні, электрондық пошта мекенжайлары, банк шоттары туралы мәліметтер және құпиясөздер бар.

Sky Ticket компаниясы да деректердің таралғанын растағанымен, нақты зардап шеккен пайдаланушылар санын жарияламады. Компания оқиға үшін кешірім сұрап, қолданушыларға құпиясөздерін өзгертуді өтінген электрондық хаттар жіберген.

Бұған дейін 9 қазанда Жапониядағы Book Off комиссиондық дүкендер желісінде де деректердің таралғаны белгілі болды. Бұл оқиға кезінде шамамен 6,4 миллион пайдаланушының құпия ақпараты қолды болған.

Жапонияда 2026 жылы ақпараттық жүйелерге рұқсатсыз қол жеткізу оқиғалары рекордтық деңгейге жеткен. Тоғыз айда компанияларға, кәсіпорындарға және мемлекеттік мекемелерге жасалған хакерлік шабуылдар саны 600-ден асқан. Бұл 2025 жылғы көрсеткіштен де жоғары. Былтыр жыл бойы осындай 593 жағдай тіркелген.

Сарапшылардың пікірінше, хакерлік шабуылдардың сәтті жүзеге асуына жасанды интеллектіні пайдалану ықпал етуі мүмкін. Алайда оның нақты оқиғалармен тікелей байланысы әзірге дәлелденбеген. Қыркүйек айында да кибершабуылдар күрт көбейіп, компаниялар пайдаланушылар деректерінің таралғаны туралы күн сайын дерлік хабарлай бастаған.

Тағы да оқыңыз: Жапония әскерге гуманоид роботтарды тартпақ

Сондай-ақ оқыңыз