23 жылдан бері тоқтап тұрған Тараз қант зауыты қайта іске қосылмақ

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: Жамбыл облысының әкімдігі

Жамбыл облысында 2003 жылдан бері қант қызылшасын өңдемеген «Тараз» қант зауыты қайта іске қосылуға дайындалып жатыр. Кәсіпорын 20 қазаннан кейін шаруалардан қант қызылшасын қабылдауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kursiv Media облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев зауытты жаңғырту жұмыстарының барысымен танысып, кәсіпорынның іске қосылуға қаншалықты дайын екенін тексерген еді.

«ТСЗ» ЖШС директоры Федор Семеновтің айтуынша, зауытты іске қосуға дайындық жұмыстары 93–95 пайызға аяқталған.

Кәсіпорынды жаңғыртуға 12,4 млрд теңге бөлінген. Зауыт толық іске қосылғаннан кейін жылына шамамен 250 мың тонна, ал тәулігіне 3 мың тонна қант қызылшасын өңдей алады.

Зауытты белгіленген мерзімде іске қосу үшін 10 мердігер ұйым мен кәсіпорынның 1000-ға жуық қызметкері екі ауысымда жұмыс істеп жатыр.

Шаруалардың өнімін кезексіз қабылдау тапсырылды

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев биыл қант қызылшасының өнімі мол екенін айтып, зауыт басшылығына шаруалардың өнімін уақытылы қабылдауды тапсырды.

«Биыл қант қызылшасының өнімділігі жоғары. Енді бірде-бір өнім егістік алқаптарында қалмауы керек. Шаруалардың өнімін белгіленген кестеге сәйкес уақытылы қабылдау қажет. Кезек болмауы тиіс. Шаруаларға бекітілген кесте алдын ала жеткізілсін», – деді облыс әкімі.

Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың мәліметінше, «Тараз» қант зауыты 20 қазаннан кейін қант қызылшасын қабылдауды бастауды жоспарлап отыр.

Биыл Жамбыл облысында 9,9 мың гектар жерге қант қызылшасы егілген. Оның 5,5 мың гектарын 94 шаруашылық «Тараз» қант зауытын шикізатпен қамтамасыз ету үшін пайдаланған.

Айта кетейік, кәсіпорын 2003 жылы қант қызылшасын өңдеу мен қант өндіруді тоқтатқан. Зауыттың жұмысын қайта жандандыру үшін жаңғырту жұмыстары 2025 жылы басталды.

Бұған дейін, Көксу қант зауытының қуаты тәулігіне 3 мың тоннаға дейін артатынын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз