Өскеменде үш қабатты тұрғын үй өртеніп, 8 адам эвакуацияланды
Жарияланды

Өскемен қаласында үш қабатты тұрғын үйдің шатыры өртенді. Құтқарушылар түтін басқан ғимараттан сегіз адамды қауіпсіз жерге шығарды, деп хабарлайды Kursiv Media Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Өрт Өскемен қаласындағы Гоголь көшесінде орналасқан үш қабатты тұрғын үйде шыққан. Ғимараттың шатыры отқа оранып, ішін қою түтін басқан.
Өрт сөндірушілер үй ішіндегі сегіз адамды шығарып, өрттің басқа аумақтарға таралуына жол бермеді. Жалын 100 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт толық сөндірілді.
Ведомство мәліметінше, оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырды.