Алматыда ер адамды үйден басына пакет кигізіп алып шыққандар қамалды

Алматыда 61 жастағы тұрғынды өлтірді деген күдікпен төрт адам ұсталды. Қала полициясының хабарлауынша, олардың марқұмның пәтерін заңсыз иемденуге қатысы болуы мүмкін, деп жазады Kursiv.Media.
Бұған дейін әлеуметтік желіде ер адамның басына пакет кигізілгені көрсетілген видео тарады. Ол жерде ер адамды көтеріп алып шығып бара жатқан.
Полиция ер адамның қайтыс болғанын растады.
«Тергеу барысында қылмыстың мән-жайы, күдіктілердің жеке басы және олардың марқұмның пәтерін заңсыз иемденуге қатысы болуы мүмкін екені анықталды.
Төрт күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген ақпаратта.
Қазір қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық істі тергеу үшін ішкі істер министрлігінің ең тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы тергеу-жедел тобы құрылды. Тергеу барысы ішкі істер министрінің жеке бақылауында.
Бұған дейін Алматы облысында «Dog House – Твардовский дом» жануарларға арналған жеке панажайының негізін қалаушы Владимир Тепляковты өлтіріп кеткені белгілі болды. 7 қазанда ер адамның өліміне байланысты қылмыстық іс козғалған.