Францияда 14 жастағы оқушы мектеп директоры мен мұғалімге оқ атты

Францияның оңтүстігіндегі Обань коммунасындағы мектептердің бірінде оқушы аң аулайтын мылтықтан оқ жаудырып, салдарынан екі адам жарақат алды. Бұл туралы елдің Білім министрі Эдуар Жеффре хабарлады.
«Бүгін таңертең Обань қаласындағы Лаканаль орта мектебінде мектеп директоры мен мұғалімге оқ тиіп, жараланды. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл оқиғаға оқушылардың бірі себепші болған», – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
BFMTV телеарнасының мәліметінше, оқушылардың бірі аң аулауға арналған мылтықпен 53 жастағы директорды атқан, куәгерлер жалпы алғанда төрт рет оқ атылғанын естіген. 37 жастағы мұғалім де қарудан жарақат алған. Білім беру мекемесінің қос қызметкерінің жамбас пен мықын тұсына оқ тиген.
Оқ атты деген күдікпен 14 жастағы жасөспірім оқиға орнында ұсталды, «адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша тергеу басталды.
Оқиға салдарынан ешқандай оқушы зардап шеккен жоқ.
Құқық қорғау органдары оқиғаның қыркүйек айының соңынан бері бүкіл елде жалғасып жатқан жоғары сынып оқушыларының наразылықтарына еш қатысы жоқ екенін айтты. Бұл колледже ешқандай шерулер өтпеген.
Франция мектептерінде ереуілдер қалай басталды?
Франциядағы оқушылардың наразылық акциясы қыркүйек соңында басталған. Бастапқыда жасөспірімдер мұғалімдер жетіспейтінін, сыныптар нашар жабдықталғанын және мектеп ғимараттарының гигиеналық жағдайы нашарлағанын айтып, шеруге шыққан. Кейінірек радикалды солшыл саяси күштердің қолдауымен көтеріліске ұласты. Тәртіпсіздіктер басталып, жиырмадан астам мектеп өртелді. Полиция 5 000-нан астам адамды ұстады, олардың басым бөлігі – кәмелетке толмағандар.
6 қазанда Франция президенті Эмманюэль Макрон елдегі оқушылар наразылығының күшеюіне байланысты министрлермен кездесу өткізетінін хабарлады.