Оқушылар үлкендермен қалай амандасуы керек – министрлік әдеп нормасын әзірлеуде

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Серікжан Қобыланбаев

Қазақстанда оқушылардың амандасу әдебін қалыптастыруға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр. Бұл жұмысқа ғалымдар, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері тартылған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова құрылтай депутаты Ерлан Сайырдың депутаттық сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Оқушылардың амандасу әдебіне қатысты ұсынымдар әзірленеді

Министрліктің мәліметінше, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған. Қазір білім алушылардың амандасу әдебіне қатысты әдістемелік ұсынымдар әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Құжаттың мазмұнын қалыптастыру кезінде білім беру процесіне қатысушылардың, мүдделі тараптар мен мемлекеттік органдардың ұсыныстары мен пікірлері ескеріледі.

Министрлік амандасу әдебін ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеудің, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсетудің маңызды бөлігі ретінде қарастырады.

«Білім алушылардың амандасу әдебін қалыптастыру мәселесі ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеу, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, өзара сыйластық пен әдептілік құндылықтарын орнықтыру тұрғысынан өзекті болып табылады», – делінген министрдің жауабында.

Мектептерде қандай тәрбие жұмыстары жүргізіліп жатыр

Оқушылардың бойында ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастыру жұмыстары «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жүргізіледі. Бағдарлама тәуелсіздік пен патриотизм, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық және жасампаздық сияқты құндылықтарды қамтиды.

Министрліктің дерегінше, бағдарлама елдегі 20 877 білім беру ұйымында жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде 12 066 мектепке дейінгі ұйым, 8 048 мектеп және 763 колледж бар.

Еске салсақ, осыған дейін Ерлан Сайыр амандасу әдебін мектеп тәрбиесіне енгізуді ұсынған болатын.

Тағы да оқыңыз: Жаңа қоғамдық этика: Беттен сүйіп амандасу қазаққа қайдан келді

Сондай-ақ оқыңыз