Петропавлда өндірістік қондырғыға құлаған жұмысшы қаза тапты

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Петропавлда өндірістік қондырғыға құлаған жұмысшы қаза тапты / Фото: ЖИ көмегімен жасалған

12 қазанда Петропавл қаласындағы Труд көшесі бойында орналасқан өндірістік нысанда 35 жастағы жұмысшы қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам өндірістік қондырғының ішіне құлап, ауыр жарақат алған. Ол оқиға орнында көз жұмған, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Жергілікті басылымның ақпаратына сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысының полициясы адам өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеушілер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Басылымның жазуынша, қайғылы оқиға «Сұлтан» фабрикасында болған. Дереккөздің айтуынша, жұмысшы қамыр илейтін машинаны тазалау кезінде оның ішіне түсіп кетіп, ауыр жарақат алған.

Сондай-ақ, басылымға марқұмның осы өндіріс орнында көп жылдан бері жұмыс істегені хабарланған. Алайда бұл мәліметтер әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Полиция кәсіпорынның атауы мен оқиғаға себеп болған қондырғының түрін ресми хабарламада нақтыламаған. Тергеу барысында жұмысшының өліміне не себеп болғаны және оқиғаға кімнің жауапты екені анықталуы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз