Қазақстанда көлікті тіркеу ережелері өзгерді: нені білу керек

Бүгін, 12 қазанда Қазақстанда көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Ішкі істер министрлігі бекіткен түзетулер бірнеше мәселені қамтиды. Атап айтқанда, шетелден әкелінген көліктер үшін бастапқы тіркеу алымын төлеу тәртібі, қолдан жасалған тіркемелерді тіркеу және шетел азаматтарына мемлекеттік нөмір беру ережелері өзгерді. Бұл туралы КурсивАвто Kolesa.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бастапқы тіркеу алымын қашан төлеу керек
Енді ЕАЭО құрамына кірмейтін елдерден Қазақстанға жеңіл көлік әкелетін жеке тұлғалар бастапқы тіркеу алымын кедендік рәсімдеу кезінде төлеуі керек. Яғни, алым көлік еркін айналымға шығарылғанға дейін төленуге тиіс.
Ал ЕАЭО елдерінен әкелінетін көліктерге қатысты тәртіп өзгерген жоқ. Мұндай жағдайда алым бұрынғыдай көлікті мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында (мамандандырылған ХҚКО) тіркеуге қойғанға дейін төленеді.
Қолдан құрастырылған тіркемені қалай тіркеуге болады
Ережелерде қолдан құрастырылған тіркемелерді тіркеу тәртібі де нақтыланды. Оларды тіркеу үшін мына құжаттар қажет:
- қағаз немесе электрондық нұсқадағы жеке куәлік;
- тіркеу алымы мен көлік құралының техникалық паспорты және мемлекеттік нөмірін бергені үшін төленген мемлекеттік баж түбіртектері;
- ТР ТС 018/2011 техникалық регламентіне сәйкес аккредиттелген зертхананың сынақ хаттамасы;
- ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті берген көлік құралына сәйкестендіру нөмірі тағайындалғаны туралы құжат;
- көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік.
Сонымен қатар ережелерден конструкциясына өзгеріс енгізілген көліктерді міндетті түрде тексеруден өткізу туралы талап алынып тасталды.
Шетел азаматтарына қандай мемлекеттік нөмірлер беріледі
Түзетулер шетел азаматтары мен шетелдік компаниялардың көліктеріне берілетін мемлекеттік нөмірлерге қатысты. Сондай-ақ дипломатиялық өкілдіктердің көліктеріне арналған нөмір сериялары да нақтыланды.
D және T сериялары дипломатиялық өкілдіктердің, халықаралық ұйымдар мен консулдық мекемелердің қызметкерлері пайдаланатын көліктерге беріледі. Ал НС сериясы құрметті консулдық лауазымды тұлғалар басқаратын консулдық мекемелердің көліктеріне арналған. М сериясы Қазақстанда тіркелген шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктерінің көліктеріне беріледі.
Шетелдік қатысуы бар заңды тұлғалардың көліктеріне Н, С, L, P, J, K, S және Y сериялары қолданылады. Ал шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға F, T, A, G, I, N және R серияларындағы мемлекеттік нөмірлер беріледі.
D, T және НС сериялы нөмірлерге арнайы стикер қажет. Оны дипломатиялық корпуспен жұмыс істейтін ұйым береді. Мұндай мемлекеттік нөмірлердің жарамдылық мерзімі стикердің қолданылу мерзімімен бірдей болады.
Тағы да оқыңыз: Қазақстандықтарға шетелден көлік әкелудің жаңа тәртібі түсіндірілді