
Өте ыстық шай мен кофе ішу өңеш қатерлі ісігіне шалдығу қаупін арттыруы мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі ескертті, деп жазады Kursiv.Media.
Оксфорд университетінің ғалымдары миллионға жуық адамның деректерін зерттеп, сусынның температурасы өңеш қатерлі ісігінің даму қаупіне әсер етуі мүмкін екенін анықтаған.
Зерттеу нәтижесі бойынша, өте ыстық сусын ішетін адамдардың өңеш қатерлі ісігіне шалдығу қаупі жылы сусын ішетіндерге қарағанда үш еседен астам жоғары болған.
Сонымен қатар күніне алты немесе одан да көп кесе ыстық сусын ішу қатерлі ісіктің осы түрінің даму қаупінің 71%-ға артуымен байланысты болған. Зерттеушілер шай мен кофенің әсері арасында айтарлықтай айырмашылық байқамаған.
Өте ыстық сусындар өңешке қалай әсер етеді
Өңеш – тамақ пен сұйықтықты ауыз қуысынан асқазанға жеткізетін бұлшықетті түтік. Оның ішкі беті қорғаныш қызметін атқаратын шырышты қабықпен қапталған.
Күйдіретіндей ыстық сусындарды үнемі ішу осы қабықты зақымдауы мүмкін.
Дегенмен ыстық шай немесе кофе ішу адамның міндетті түрде қатерлі ісікке шалдығатынын білдірмейді. Аурудың дамуына темекі шегу мен алкоголь ішу, сондай-ақ түрлі факторлар әсер етеді.
Сондықтан сүйікті сусындардан толық бас тартудың қажеті жоқ. Ең дұрысы – шай мен кофені ішер алдында сәл суытып алу.
Тағы да оқыңыз: Оба әлі жойылған жоқ: ауру қай жерде таралған және одан қалай қорғануға болады