Жаңа Kia Sportage электр қуатымен 100 шақырымға дейін жүре алады

Қазақстанда сұранысқа ие Kia Sportage кроссовері жаңа буында айтарлықтай өзгеше дизайнға ие болуы мүмкін. Қазір алтыншы буындағы модель Испания жолдарында сынақтан өтіп жатыр деп хабарлайды КурсивАвто.
Сынақ кезінде көліктің сыртқы келбетін жасыратын арнайы жабын аз қолданылғандықтан, жаңа дизайны анық көрінеді. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, жаңа Sportage қазіргі модельдің жұмыр пішіндерінен бас тартып, бұрышты әрі тік сызықтарға негізделген дизайнға көшеді.
2027 жылғы Sportage көлемі жағынан үлкейеді
Зауыттық индексі NQ6 болатын кроссовердің алдыңғы бөлігі тік әрі ірілеу болады. Фаралары жоғарырақ орналасып, жіңішке күндізгі жүріс шамдарымен үйлеседі. Жалпы дизайны Kia EV3 және EV5 электромобильдеріне ұқсауы мүмкін.
Артқы жағында тік орналасқан төртбұрышты шамдар пайда болады. Ал жүксалғыш қақпағы биіктеп, алдыңғы бөлігі тік әрі бұрышты пішінге ие болады.
The Korean Car Blog мәліметінше, 2027 жылғы Sportage моделінің доңғалақ базасы шамамен 35 мм-ге ұзарып, 2755 мм-ден 2790 мм-ге дейін жетеді. Бұл артқы қатардағы жолаушыларға арналған кеңістікті ұлғайтып, жүксалғыш көлемін арттыруы мүмкін.
Тағы бір ерекшелігі – 20 дюймдік дөңгелектер. Жаңа Sportage моделінде электр жетегімен сыртқа шығатын тұтқалардың орнына кәдімгі есік тұтқалары сақталады. Сонымен қатар шанақтың сыртқы бөлігінде жылтыр қара түсті сәндік элементтер көбейеді.

Салонда орталық экран өлшемі 17 дюйм болатын Pleos Connect мультимедиа жүйесі орнатылуы мүмкін. Сондай-ақ басқару тетіктері мен жүргізушіге көмектесетін жүйелер де жаңарады.
Гибрид нұсқаларына басымдық беріледі
Жаңа Kia Sportage қандай қозғалтқыштармен шығатыны әзірге белгісіз. Дереккөздің мәліметінше, Kia негізгі нарықтарға арналған үш электрлендірілген нұсқаны дайындап жатыр. Олар 48 вольттық жұмсақ гибрид, кәдімгі HEV гибриді және сырттан қуатталатын PHEV гибриді.
Соңғы нұсқа электр қуатымен 100 шақырымға дейін жүре алады. Бұл күнделікті сапарлардың көбінде бензин жұмсамай жүруге мүмкіндік беруі мүмкін. Ал алыс жолға шыққанда іштен жанатын қозғалтқышты пайдалануға болады.
Kia Sportage-тің алтыншы буынының ресми таныстырылымы 2027 жылдың екінші жартысында өтуі мүмкін. Болжамдар расталса, қазақстандық жүргізушілерге таныс бұл кроссовер сыртқы келбетін өзгертіп қана қоймай, өлшемі жағынан да ірілеу көліктер класына жақындай түседі.
Тағы да оқыңыз: Cobalt, Tucson, Sportage: Қазақстанда қай көліктер көп шығарылды