Халықаралық валюта қорының болжамы: Қазақстан экономикасы 2027 жылы 4,9% өседі

Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) болжамы бойынша, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,4%-ды құраса, 2027 жылы бұл көрсеткіш 4,9%-ға дейін жетеді. Бұл туралы «World Economic Outlook» баяндамасында жазылған.
Алдағы жылдары ел экономикасының өсімі сақталғанымен, халықтың нақты кірісі көбеймей, бизнес шығындарына түсетін салмақ сейілмейді.
Сонымен қатар орташа жылдық инфляция 2026 жылы 10,3% деңгейінде қалыптасса, 2027 жылы 8,2%-ға дейін төмендейді деген болжам бар. Ал жұмыссыздық деңгейі 2026 жылы 4,6%-ды құрайды.
Сыртқы факторлардың ішінде мұнай бағасының өзгерісі маңызды рөл атқарады, өйткені ХВҚ мұнайдың әлемдік орташа бағасы 2026 жылғы барреліне 95,74 доллардан 2027 жылы 87,39 доллар дейін төмендейді деген болжам жасап отыр. Бұл елдің мұнайдан түсетін кірісіне тікелей ықпал етеді.
Осы ретте сарапшылар әлемдік экономиканың өзі 2026 жылы 3,1%-ға, ал 2027 жылы 3,4%-ға өседі деген болжам жасаған.
Бұған дейін Еуропалық қайта құру және даму банкі 2027 жылы ел экономикасы 4,5% өседі деген болжам жасаған.