«Хан Кенесары: Соңғы шайқас» деректі фильмінің архивтік материалдары жоғалды

«Хан Кенесары: Соңғы шайқас» деректі фильміне арналған кейбір архивтік материалдар жоғалды, деп хабарлайды Kursiv.media.
Бұл туралы қазақстандық режиссер Мұхтар Омаров Threads желісі арқылы хабарлады.
«Украиналық дрондардың шабуылынан кейін «Яндекс Диск» қызметінде ақаулар туындап, «Хан Кенесары: Соңғы шайқас» деректі фильміне арналған кейбір архивтік материалдар жоғалды. Бұл материалдар фильмнің мазмұнын толықтыруға және тарихи оқиғаларды тереңірек көрсетуге арналған еді», – делінген жазбада.
Десе де, Кенесары хан туралы туралы деректі фильм түгелдей жойылып кетпеген. Бір сыпырасы сақталған.
«Бақытымызға орай, фильмнің негізгі материалдарының резервтік көшірмесі хард дискіде сақталған», – деді режиссер.
Айта кететін жайт, Сенат кулуарында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Кенесары ханның басын Қазақстанға қайтару мәселесіне жауап берген еді.