Каспий жағалауынан 15 итбалықтың өлексесі табылды

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Маңғыстауда Каспий жағалауынан 15 өлі итбалық табылды
Маңғыстауда Каспий жағалауынан 15 өлі итбалық табылды / Фото: Маңғыстау Экология департаменті

Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауынан бірден 15 итбалықтың өлексесі табылды. Бұл туралы Kursiv.media Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жануарлардың өлексесін«Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерватының инспекторлары жағалау аймағына мониторинг жүргізу барысында байқаған.

«Анықталған факт туралы тиісті уәкілетті органдарға хабарланды. Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің қызметкерлері теңіз суы мен топырақтан сынамалар алды, одан кейін белгіленген санитарлық талаптарды сақтай отырып, жағалауды тазалау жұмыстары ұйымдастырылады», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта жағалау аймағына мониторинг жүргізу жалғасып жатыр. Жануарлардың өлім себебі тиісті зерттеулердің нәтижесі бойынша анықталады.

Министрліктен түсіндіргендей, көктемгі-күзгі кезеңде Каспий теңізінің қазақстандық секторының жағалауында, соның ішінде Маңғыстау облысында, солтүстік-батыс және батыс бағытынан соққан дауылды желдер кезінде өлі итбалықтардың жағаға шығып қалу фактілері тіркеліп тұрады.

Бұған дейін де Баутино кентіндегі Каспий теңізінің жағалауынан итбалықтар мен бекіре балықтарының өлекселері табылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз