Мәслихат депутаттары сайлауы 29 қарашада өтеді

Елде мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 29 қарашада өтеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында айтылды.
Мәслихат депутаттары бес жылға сайланады. Сайлау науқаны кезінде 227 мәслихатқа 3 447 депутатты сайлау жоспарланған. Оның ішінде 668 мандат облыстық, 626 мандат қалалық және аудандық мәслихаттарға тиесілі болады.
Мәслихатқа кандидаттарды ұсыну кезеңі 14 қазанда басталып, 27 қазан сағат 18:00-де аяқталады. Кандидаттарды тіркеу 1 қараша сағат 18:00-де аяқталады.
Ал сайлау алдындағы үгіт-насихат 1 қараша сағат 18:00-де басталып, 28 қараша сағат 00:00-де аяқталуға тиіс.

Азаматтар үш жолмен депутаттыққа үміткер бола алады:
- Саяси партия арқылы. Партиялар кандидаттарды партиялық тізім және бірмандатты сайлау округтеріне ұсына алады. Партиялық тізімге тек сол партияның мүшелері енгізіледі.
- Қоғамдық бірлестік арқылы. Мұндай ұйымдар бірмандатты сайлау округтеріне кандидат ұсына алады. Олардың қатарында бірлестік мүшесі емес азаматтар да кіруі мүмкін.
- Өзін-өзі ұсыну арқылы. Қазақстан азаматтары бірмандатты сайлау округтеріне кандидатурасын өз бетінше ұсына алады. Ол үшін тиісті округтік сайлау комиссиясына өтініш беруі қажет.
Ескеретін жайт – кандидат бір мезгілде бірнеше сайлау округіне ұсыныла алмайды. Партиялық тізімге енгізілген азаматтың бірмандатты сайлау округіне кандидатурасын ұсынуға да құқығы жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін президент барлық деңгейдегі мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойды.