Оңтүстік Корея мемлекеттік органдарын Сеулден Седжонға көшіреді

Оңтүстік Корея билігі 2031 жылға дейін 44 министрлік пен мемлекеттік ведомствоны Сеулден Седжон әкімшілік қаласына көшіруді жоспарлап отыр. Ауқымды реформа шамамен 10 мың мемлекеттік қызметшіні қамтиды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
The Korea Times ақпаратына сүйенсек, көшірілетін мекемелердің қатарында Сыртқы істер, Бірігу және Ұлттық қорғаныс министрліктері бар. Мемлекеттік органдар жаңа орындарға кезең-кезеңімен көшіріледі. Бұл ретте әр ведомствоның қажеттілігі мен кеңсе ғимараттарының қолжетімділігі ескеріледі.
Алдағы жылы 27 мемлекеттік орган уақытша жалға алынған ғимараттарға орналаса бастайды. 2027 жылдың бірінші жартысында олардың қатарына тағы алты мекеме қосылады. Олардың арасында Дербес деректерді қорғау жөніндегі комиссия мен Адам құқықтары жөніндегі ұлттық комиссия бар. Сол жылдың екінші жартысында тағы 19 ведомствоны көшіру жоспарланған.
Прокуратура, Ұлттық полиция басқармасы және Ауыр қылмыстарды тергеу агенттігі жаңа үкіметтік кешеннің құрылысы аяқталғаннан кейін көшіріледі. Бұл мекемелерге тергеу жүргізу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қадағалау қызметтерін атқару үшін арнайы ғимараттар қажет.
Билік бұл қадам арқылы мемлекеттік басқару функцияларының Сеул мен оның айналасына шоғырлануын азайтып, ел аймақтарының теңгерімді дамуына ықпал етуді көздейді.
Сеулден оңтүстікке қарай шамамен 110 шақырым жерде орналасқан Седжон 2012 жылы премьер-министр кеңсесі көшірілгеннен кейін мемлекеттік мекемелердің әкімшілік орталығына айнала бастады. Кейін қалада ондаған орталық мемлекеттік орган орналасты.