Ресей газ құбырындағы апат Қазақстанға газ жеткізуге әсер еткен жоқ

Қазақстан Энергетика министрлігі Ресей аумағындағы магистральдық газ құбырында болған апатқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға Қазақстандағы тұтынушыларды газбен қамтамасыз етуге әсер етпеген.
Апат Түрікменстан, Өзбекстан, Қазақстан және Ресейдің газ тасымалдау жүйелерін байланыстыратын «Орта Азия – Орталық» магистральдық газ құбырында болған.
Министрліктің хабарлауынша, оқиғадан кейін Қазақстанның газ тасымалдау жүйесінде ауытқулар тіркелмеген. Ресейден газ жеткізу және Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға газ транзиті жоспарға сай жалғасып жатыр.
«Қазақстан Республикасына ресейлік газ жеткізу қолданыстағы келісімшарттар аясында және берілген өтінімдерге сәйкес штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстан бағытында ресейлік газ транзиті де жоспарланған көлемде жүргізілуде», – деді министрліктің ресми өкілі Әсел Серікпаева.
Сондай-ақ, Энергетика министрлігіне «Газпром» компаниясынан газ жеткізу режимін өзгерту туралы диспетчерлік арналар арқылы ешқандай өтініш түспеген.
Айта кетейік, осыған дейін Ресей Еуропаға газ жеткізуді қайта бастауды жоспарлап отырғанын жазған едік.