Алматыда тапаншамен жүрген әйел ұсталды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Алматыда тапаншамен жүрген әйел ұсталды/ Фото: Shutterstock

Алматыда полицейлер 9 миллиметрлік тапанша мен бес оқ-дәрі алып жүрген әйелді ұстады. Әйел қаруды Есентай өзенінің маңынан тауып алғанын айтқан, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті Жетісу ауданында сағат 17:00 шамасында есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлері жүргізген шара барысында ұсталған. Тапанша мен оқ-дәрілер тәркіленді.

Ұсталған әйелдің айтуынша, ол қаруды полицейлерге жолыққанға дейін бір-екі сағат бұрын тауып алған. Оның сөзінше, тапанша Есентай өзеніне түсетін жердегі бетон қоршаудың үстінде жатқан.

«Алайда бұл нұсқа әлі де тексеруді қажет етеді. Ұсталған әйелдің әрекетіне құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады полиция.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тәртіп сақшылары тапаншаның қайдан шыққанын және оның әйелдің қолына қандай жағдайда түскенін анықтап жатыр.

Айта кетейік, осыған дейін Алматыда әйелді ойыншық қарумен қудалаған жүргізуші ұсталған еді.

Сондай-ақ оқыңыз