Алматыда оқушылар жаппай уланған мектеп қашықтан оқытуға көшірілді

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Алматыдағы мектеп оқушылары онлайн оқуға көшірілді
Алматыдағы мектеп оқушылары онлайн оқуға көшірілді / фото: Мектептің ресми сайтынан

Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) оқушылары 14-16 қазан аралығында сабақты қашықтан оқиды, деп хабарлайды Kursiv.Mediа мектеп әкімшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұндай шешім оқушылардан ішек инфекциясының белгілері анықталғаннан кейін қабылданды.

«Оқиғаның себептері анықталып жатыр. Ауруханаға жатқызылғандарға Денсаулық сақтау министрлігінің хаттамаларына сәйкес ем тағайындалды. Санитар-эпидемиологиялық қызмет мамандары мектеп пен интернатты тексерістен өткізіп, зертханалық зерттеулер үшін сынамалар алды. Ғимараттарға дезинфекция жұмыстары жүргізілді», – делінген хабарламада.

Бас санитарлық дәрігердің шешімімен интернат пен асхананың жұмысы уақытша тоқтатылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 14-16 қазан аралығында сабақтар онлайн форматта өтеді. Ал интернаттағы балалар ата-аналарына немесе жақын туыстарына тапсырылады.

Еске сала кетейік, Алматыда 12-14 қазан аралығында физика-математика мектебінің 47 оқушысы ішек инфекциясына ұқсас белгілермен ауруханаға түсті. Тағы сегіз бала мектеп-интернатта оқшауланып, медициналық бақылауға алынған. Оқушылар жаппай уланды деген күдік бар, бірақ нақты себептер әлі анықталмады.

Сондай-ақ оқыңыз