Ақмолада спортқа бәс тіккен екі мемлекеттік қызметші жұмыстан босатылды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
букмекерлік кеңсе
фото: shutterstock

Ақмола облысының Есіл ауданында интернет арқылы құмар ойындарға қатысқан екі мемлекеттік қызметші қызметінен босатылды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Облыстық прокуратура хабарлауынша, тексеру барысында екі мемлекеттік қызметшінің букмекерлік кеңселерде интернет арқылы спорттық бәс тіккені анықталған.

Олардың бірі аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы болса, екіншісі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы қызметін атқарған.

Прокуратураның қадағалау актісі бойынша екі лауазымды тұлға да атқарып отырған қызметтерінен босатылды.

Айта кетейік, осыған дейін Түркістанда жұмыс уақытында құмар ойын ойнаған төрт шенеунік жұмыстан шығарылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз