«Челси» Дастан Сәтбаевтың «Бернли» сапында ойнауына рұқсат бермеді

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: burnleyofficial

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтбаев Англия Чемпионшипіндегі «Бернли» мен «Чарльтон» арасындағы матчқа қатыcпады. Оған футболшының құқығын иеленетін лондондық «Челси» клубы рұқсат бермеген, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Бұл туралы Burnley Express басылымының журналисі Мэтт Скрафтон жазды.

«Никки Хайен жаңа ғана «Челсидің» Дастан Сәтбаевқа бүгін кешке ойнауға рұқсат бермегенін айтты. Сондай-ақ Зеки Амдуни тобығындағы жарақатына байланысты 4–6 аптаға қатардан шықты. Бір қиындықтың артынан екіншісі келді», – деп жазды журналист.

Алайда «Челси» қазақстандық футболшыға не себепті ойнауға рұқсат бермегені әзірге белгісіз.

«Бернли» соңғы минутта жеңісті жіберіп алды

«Бернли» мен «Чарльтон Атлетик» арасындағы кездесу 2:2 есебімен аяқталды. Алаң иелері ойынның 96-минутында гол жіберіп алып, жеңісті уысынан шығарып алды.

Дегенмен бір ұпай еншілеген команда Чемпионшиптің турнирлік кестесінде төменгі үштіктен шығып, 21-орынға көтерілді.

Айта кетейік, Дастан Сәтбаев бұған дейін жарақатынан кейін алаңға оралып, «Уотфордқа» қарсы кездесуде қосалқы құрамнан ойынға қосылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз