Журналистердің аккаунты неге бұғатталады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
QAZAQSTAN IGF форумындағы панельді сессия / фото: Kursiv Media

Қазақстанның ақпараттық кеңістігін тек мемлекет емес, онлайн-платформалар да реттеуге көшкен. Олар тұтас медианың парақшасын бұғаттап, жеке журналистердің жазбаларын өшіре алады. Бұл жағдайлар редакциялардың аудиториясын жоғалтуына және жұмысына кедергі келтіруі мүмкін. 14 қазанда Алматыда өткен QAZAQSTAN IGF 2026 форумында осы мәселелер талқыланды.

«Media Qoldau» құқықтық қызметінің жетекшісі, «Құқықтық Медиа орталық» қоғамдық бірлестігінің тең құрылтайшысы Гүлмира Біржанованың сөзінше, қазір ақпарат өкілдеріне жасалатын цифрлық қысым түрлері көбейген. Соның бірі ретінде тұтас ақпараттық сайтты клондап, ол жерге жалған ақпарат орнататын әдісті атады. Мысал ретінде Vlast.kz, Exclusive.kz және Nege.kz сайттарын клондап, «Ақ жол» партиясының мүшесі Азат Перуашев туралы теріс материалдар жариялағанын атап өтті.

Кей журналистердің атынан мессенджерлерден басқа әріптестерге қоңырау шалатын жағдайлар да тіркелген.

«Түнгі бірде Әмір Қасенов немесе Вадим Борейко атынан звондайтындар да бар. Тек маған емес басқа әріптестерге де осындай қоңыраулар түскен», – дейді ол.

Айта кетейік, биыл «ҚазТАГ» агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов жалған ақпарат таратты деген бір жыл үш айға шартты түрде бас бостандығынан айырылған еді. Ал тәуелсіз журналист Вадим Борейконың әлеуметтік желідегі барлық шоттары бұғатталған еді. Сондай-ақ барлық аккаунты өшірілген.

Джорджо Арманидың шағымдары

Өкінішке орай, аккаунттар өшіру, шағым тастау және парақшаларын бұғаттау цифрлық кеңістіктегі жиі кездесетін жағдайға айналды дейді Біржанова. Оның фейсбуктегі парақшасына Италиядағы Giorgio Armani сән үйінен авторлық құқықты бұзғаны туралы шағым түскен.

«Маған заңгер ретінде авторлық құқықты бұздың деп айыптаса, өте ауыр тиеді. Әсіресе, біздің ұйым жасаған контентке қатысты болса. Бір апта бойы маған сіздің 15 жазбаңыз Meta заңнамасын бұзды, жазбаларыңызды өшіреміз деген хабарлама түсіп тұрды. Нәтижесінде апта соңында 70-ке жуық жазбамды өшіріп тастады», – дейді ол.

Осыдан кейін Гүлмира Біржанова жаңа парақша ашуға мәжбүр болған. Ал TikTok-тағы парақшасына боттар шабуылдаған жағдай тіркелген.

«Біз үнемі медианы бұғаттап тастайтын жағдайда өмір сүреміз. Бұл не деген сөз? Медиа жазылушыларынан, аудиториясынан айырылып жатыр. Иә, олар басқа да бір платформаларға кетуге немесе аккаунттарын қайта ашуға тырысады. Бірақ соған қарамастан бұл барлығымыз үшін өте өзекті», – дейді заңгер.

Басты мәселенің бірі Facebook, Instagram тәрізді желілердегі модерацияның басқаша жұмыс істейтінін, авторлық құқық туралы кез келген шағымға өте қатаң қарауын атап өтеді. Бұл көп жағдайда журналистер жұмысына кері әсерін тигізіп жатады.

«Қазір Құрылтайда big-платформалар Қазақстанда өз өкілдіктерін ашу керек деген заң талқыланып жатыр. Әзірге тек TikTok-тың жеке офисі бар, Telegram өкілдері де келді. Енді фейсбукпен яғни Meta-мен келіссөздер жүріп жатыр. Фейсбук Қазақстанмен келісімге келді. Бірақ сол келісімді, жаңағы айтқан өкілдіктерді біз айтып отырған бұғаттау деген мәселеге тарта алмаймыз. Сондықтан бұл жердегі басты мәселе – платформалар Қазақстандағы медианы, азаматтық қауымдастықты тыңдай білуі керек, нақты ойын шарттары қажет», – деп қорытындылады сөзін Гүлмира Біржанова.

«Үшінші тұлғаларға зиян тигізеді»

Форумға қатысқан мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Комиссаров онлайн плафторма мен медиа өкілдері арасында мәселе бар екенін растады. Бірақ сөзінде журналистер тарапынан құқық бұзушылықтар болады дегенді меңзеп отыр.

«Журналистер мен медиа өкілдері өз материалдарында басқа адамдардың немесе компаниялардың мүддесіне әсер ететін ақпаратты жиі жариялайды. Мұндай жағдайда коммерциялық ұйымдар немесе танымал тұлғалар белгілі бір әрекетке баруы мүмкін. Нақты не болатынын кесіп айтуға болмайды, бірақ мұндай жағдайдың орын алу ықтималдығы жоғары», – дейді ол.

Осындай айыппен биыл тілші Ботагөз Омароваға қатысты қылмыстық іс қозғалып, артынан ол жалған ақпарат таратқаны үшін кешірім сұрап, іс тоқтаған еді. Бірақ барлығын тек үшінші тұлғалардың мүддесімен байланыстыруға болмас. Гүлмира Біржанованың сөзінше, коммерциялық мақсаты жоқ әлеуметтік тақырыпта, құқық тақырыбындағы контенттер де өшіріле береді.

Meta-мен билік өкілдерінің байланысы былтырдан бері басталған. 2025 жылы көктемде Ішкі істер министрі Ержан Саденов Мeta компаниясының мемлекеттік саясат жөніндегі директоры Сарим Әли Азизбен кездесіп, киберқылмыспен бірігіп күресетінін мәлімдеген. Одан кейін сол кездегі ақпарат министрі Балаева да Meta өкілдерімен жолықты. Ведомство Meta-мен бірлесіп әлеуметтік желіде 7689 заң бұзушылықты анықтағанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз