Елде 520 мыңнан аса адам жәрдемақыдан қағылуы мүмкін

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
SMM бөлімінің жетекшісі
фото: Делия Айдаралиева

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елде қанша адамның жәрдемақыдан қағылуы мүмкін екенін айтты. Министрдің сөзінше, жалпы 522 мың адам «Отбасының цифрлық картасында» ауқатты деген санатқа кіреді. 

«Жалпы 522 мың адам бар. 77 мыңнан аса адам «А» санатына кіреді, қалғаны «В» санатында тұр (445 мың адам – ред.). Қазір нақты саны есептеліп жатыр, әр адамға push-хабарлама жіберіледі», – деді Жұманғарин брифингте. 

Одан бөлек еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде арнайы калькулятор болады. Сол жерде әр қазақстандық өзінің қай санатқа кіретінін тексере алады. Серік Жұманғарин қазірге дейін өзі туралы деректерді тексермегенін айтып өтті.

Деректер ай сайын жаңарады

Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев «Отбасының цифрлық картасы» бойынша азаматтардың қай санатқа жататыны ай сайын жаңарып отыратынын айтты.

Сөзінше, азаматтың қай санатқа жататынын анықтау барысында оның шығыны да ескеріледі.

«Заңға сәйкес, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап екінші деңгейдегі банктер жәрдемақы алушының және отбасы мүшелерінің келісімімен олардың банк шоттары мен депозиттері туралы мәліметтерді береді. Осылайша кірісі ғана емес, шығыны да есепке алынады», – деді еңбек министрі.

Ал қаржы министрі Мәди Такиевтің сөзінше, 2027-2029 жылдарға арналған бюджет жобасында әлеуметтік салаға бөлінетін 702 млрд теңге қысқарады.

Азаматтар бес санатқа бөлінеді 

2027 жылдан бастап «Отбасының цифрлық картасына» сай кей азамат ауқаттылар санатына кіріп, жәрдемақыдан қағылады. Бұл отбасының әл-ауқатын балл арқылы есептегенде «А» және «В» санатына кіргендерге қатысты болып отыр.

  • А санаты – саламаттылықтың жоғары деңгейі;
  • В санаты – саламаттылықтың ауқатты деңгейі;
  • С санаты – саламаттылықтың қанағаттанарлық деңгейі;
  • D санаты – экономикалық тұрғыдан осал деңгейі;
  • Е санаты – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал деңгейі.

Өзіңіздің қай санатқа кіретініңізді мына жерде есептеп көре аласыз.

Сондай-ақ оқыңыз