Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған қонақүйдің бағасы аукционда үш есе қымбаттады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Фото: kursiv.media архиві

Алматыда Қайрат Сатыбалдыдан қайтқан DoubleTree by Hilton қонақүйі қайтадан сатылымға шығарылды. Алдыңғы екі аукционда 12,7 миллиард теңгеге бағаланған ғимараттың бастапқы бағасы бұл жолы кенеттен үш есеге өсіп, 38,2 миллиард теңгеге жетті. Бұл туралы электронды сауда порталында белгілі болды.

E-Qazyna.kz электронды сауда порталында Қайрат Сатыбалды мемлекетке қайтарып берген DoubleTree by Hilton қонақүйі үшінші рет саудаға шығарылды.

Алматының орталығында, Досмұхамедов көшесінде орналасқан 11 қабатты сәнді кешеннің жалпы аумағы 16 мың шаршы метрді құрайды.

Қонақүй аукционға бірінші рет шығарылып тұрған жоқ. Бұл жолы бастапқы баға күрт үш есе өсті.

Баға қалай өзгерді

Нысанды сатудың бірінші әрекеті биылғы 25 қыркүйекте жасалған болатын. Ол кезде қонақүй бағаны жоғарылату аукционына 12,7 миллиард теңге бастапқы құнымен қойылғанымен, бірде-бір өтінім түспегендіктен сауда-саттық өтпей қалды.

Ал 13 қазанда өткен екінші аукционда ғимарат дәл сол 12,7 миллиард теңге бастапқы бағамен қайта сатылымға шығарылды. Мұнда жалғыз қатысушы болса да сатуға рұқсат етілген еді, бірақ бұл жолы да қонақүйді сатып алуға ешкім ниет білдірмеді.

Енді бастапқы баға рекордтық 38 278 230 000 теңгеге дейін көтерілді, бұл бастапқы бағалаудан үш есе көп.

Келесі сауда-саттық 29 қазанда сағат 10:00-де өтеді. Саудаға жалғыз қатысушының қатысуына рұқсат етіледі.

Бұған дейін Сатыбалдыдан қайтқан Байсат базары бірнеше рет аукционға шығарылып, өз құнынан арзанға сатылған еді. Оны ERG-дің су жаңа акционері, ірі бизнес әлеміндегі жаңа жұлдыз – Шахмұрат Мүтәліптің серіктесі, «Integra Construction KZ» бақылау кеңесінің төрағасы, Todini Costruzioni Generali SpA директорлары кеңесінің мүшесі Күдрәт Шамиев сатып алған. 

Сондай-ақ оқыңыз