Қазақстанда кофе мен балмұздаққа қолданылатын түйе сүтіне жаңа стандарт енгізіледі

Қазақстанда пастерленген түйе сүтіне арналған ұлттық стандарт бекітілді. Жаңа стандарт өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл отандық өндірушілерге түйе сүтінен түрлі өнім шығарып, оларды шетел нарығына ұсынуға көмектеседі.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, жаңа құжат 2026 жылғы 1 қарашадан бастап күшіне енеді.
Қазақстанда түйе сүтінен дәстүрлі түрде шұбат пен қымыран дайындалады. Алайда соңғы 15–20 жылда әлемде бұл өнімге деген қызығушылық артқан. Қазір түйе сүтінен балмұздақ пен конфитюр өндіріліп, одан «камелчино» деп аталатын кофе сусыны да әзірленеді. Ол капучиноның бір түрі саналады.
«Жаңа стандарт өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне, таңбалануына, қапталуына, тасымалдануы мен сақталуына қойылатын талаптарды белгілейді. Сонымен қатар құжатта ортақ терминология, өнімнің жіктелуі және оның сипаттамаларын бағалауға арналған көрсеткіштер айқындалған», – делінген министрлік хабарламасында.
Бірыңғай талаптар қазақстандық кәсіпорындарға өндірісті дамытуға және өнімді ішкі әрі сыртқы нарықтарға жеткізуді кеңейтуге көмектеседі деп күтіледі. Ведомствоның мәліметінше, экспортты ұлғайтуға болатын негізгі бағыттардың қатарында Еуразиялық экономикалық одақ елдері, Қытай және Таяу Шығыс мемлекеттері бар.
Тағы да оқыңыз: Түйе сүтінен жасалған балмұздақ «Қазақ қызы» брендімен танылды